Қордай ауданында тұрғындар тілегі орындалып, шалғай ауылдарда балалар ойын алаңшалары ашылды

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың бастамасымен, Степное ауылдық округі балаларға арналған қос бірдей жаңа ойын алаңшасымен толықты.

Ауданымызда балалар демалысын тиімді өткізулері үшін ойын алаңшаларының қажеттілігі артуда. Енді Арал және Қалғұты елдімекендерінде орнатылған жаңа алаңшалар балалар үшін шексіз қуаныш көзіне айналды. Ашылу салтанатына аудан әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы Ғалым Алимжанов, Степное ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, жергілікті тұрғындар мен ойын балалары қатысты.
Спорт бөлімінің басшысы Ғалым Алимжанов сөз сөйлеп, жаңа алаңшалардың балалардың физикалық және әлеуметтік дамуына үлкен ықпалы болатынын атап өтті. Ол, балалардың осындай кешендерде жаттығып, спортпен шұғылдануы денсаулығының нығаюына септігін тигізетінін баяндады.
Сондай-ақ, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аршат Ибрагимов өз құттықтау сөзінде: «Біздің балаларымыз – біздің болашағымыз. Олардың жақсы дамуы мен бақытты балалық шағы үшін қажетті жағдайларды жасап, оларға қолдау көрсету – біздердің міндетіміз!» — деді.
Ата-аналар бұрынғыдай балаларын аулаға жіберуге алаңдамайтындықтарын айтып, барша атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді. Бұл да ауыл өмірінің жаңаруын білдіреді. «Қаратаев» жеке кәсіпкерлігі мердігерлік мекемесі, алаңшалардың құрылысын сапалы әрі уақытында орындап шықты.
Айта кетейік, балалар игілігіне ашылған нысанда әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, сияқты ойын жабдықтары мен спорттық құрылғылар орнатылған. Спорт құрылғылары әртүрлі жастағы балалар үшін өте қолайлы, заманауи стандарттарға сәйкес жасалған.

Comments (0)
Add Comment