Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатры бүгінде бұл қажетті өтеп тұр. Кино әлеміне нық қадам жасап, таңба қалдыру мақсатында іске қосылған кинотеатрдың іргетасы 1968 жылы қаланған. Ал өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қазынадан қаражат бөлініп, 100 көрерменге шақталған мәдени нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда мұнда жастарға тегін қызмет көрсететін караоке орталығы да бар. Игілікті іс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижесі.
– Кино саласы мемлекеттік идеологияның жаршысы әрі табыс әкелетін бизнес көзі. Ал кино өнері пайда болғаннан бастап кинотеатр – оны таратушы басты құралы болып саналады. Киноны кең экраны бар кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі. Сондықтан тек қалалық жерлерде емес, бүкіл өңірде кино мәдениетін қалыптастыруымыз керек- ақ. Бұл тұрғыда құландықтар өзгелерден бір қадам жоғары десек артық айтқандық емес. Себебі бір жыл бұрын аудан орталығында жастың да, жасамыстың да қажетін өтейтін кинотеатр іске қосылды. Бүгінде мұнда келушілердің қарасы күн санап өсуде. Ерекше атап өтерлігі, көпшілік назарына ұсынылатын кинолардың басым көпшілігі отандық өнімдер, – дейді кинотеатрдың меңгерушісі Жандосәліби Үмбетәлі.
Жалпы, кинотеатрға келушілерге мереке күндері түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, айтулы мейрамдарда көрермендерге 1000 теңгелік билет жарты бағасына сатылады. Бұдан бөлек, дүйсенбі күні мектеп оқушылары билетті 600 теңгеден ала алады. Мәдени нысанды жалға алып, кәсібін жүргізіп отырған Ербол Уәлиев мұндағы проекторды арнайы Қытай елінен 19 миллион теңгеге алып келген. Өйткені бұған дейінгі ескі құрылғы заманауи киноларды көрсетуге қауқарсыз болған. Ал жергілікті тұрғындар туған жерінен кинотеатрдың ашылуы керемет тарту болды дейді.
–Кеңес дәуірінде әр ауылдағы клубтарда апта сайын көрсетілетін киноларды ел асыға күтетін еді. Жексенбіде мәдениет үйіне қарай ағылған жұрт кинодан алған әсерін айтып тауыса алмайтын. Еліміз егеменді калған тұста бұл үрдіс кілт тоқтап қалды. Соның салдарынан киноиндустрия ұзақ уақыт дамымай келді. Ал қазір өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста фильмдердің сапасы артып, өз көрерменін табуда. Әрине, кеңестік кезеңдегідей әр елді мекеннен бір кинозал ұстау оңай емес. Десе де, 70 мыңға жуық халқы бар аудан орталығында бір кинотеатр болса, несі айып? Бұған дейін, жастарымыз көңіл көтеру, демалу мақсатында Тараз қаласына немесе көршілес Меркі ауданына баратын еді. Енді кинотеатр ашылғалы бері туған жерлерінде сауық-сайран құрып, уақыттарын көңілді өткізіп жатыр. Демалыс күндері өзім де немерелерімді ертіп келіп тұрамын, – дейді ауыл тұрғыны Сәуле Байсейітова.