Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, келер жылы шаһар аумағына Байзақ пен Жамбыл аудандарынан 14 елдімекен мен екі саяжай қосылып, тұрғындардың саны 570 мыңнан асып жығылады деп жоспарлануда. Осының әсерінен шаһарда көлік қозғалысы көбейері сөзсіз. Сондықтан ел аузында «Залиний» аталып кеткен аумақ пен орталықты байланыстыратын жол өткелі (көпір) салынбақ. Бұл өз кезегінде бірқатар үйді сүру қажеттілігін туындатып отыр. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сүрілетін үйлердің тұрғындары және кәсіпкерлермен арнайы кездесті.
– Ағымдағы жылы Абай даңғылы бойында екі жол өткелін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, конкурс нәтижесі бойынша жобалаушы мекеме «ДЭН-Қо» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда жобалаушы мекемемен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Құжаттар толығымен әзірленгеннен кейін мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
– Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік туралы Заңының 62-1 бабының 3 тармағының 2 тармақшасына сәйкес, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алуға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құны (рыночная стоимость) өтеледі. Алайда, бұл бағаны әкімдік емес, арнайы конкурстың нәтижесінде жеңімпаз болып танылған компания белгілейді. Егер сіздер белгіленген бағамен келіспейтін болсаңыздар сотқа жүгінуге толықтай хақыларыңыз бар. Осы орайда, біз үшін әрбір тұрғынның ой-пікірі маңызды екенін баса айтқым келеді. Сондықтан да сіздермен бүгін бас қосып отырмыз.