Көпбалалы ананың алғысы

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атқарушы жүйе жұмысын мейлінше жариялы түрде жүргізуді тапсырған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымына сай барлық деңгейдегі билік өкілдері әлеуметпен етене болуға қадам жасауда. Әсіресе, өңірдегі тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныс, пікіріне құлақ асу үрдісі қалыптасуда. Біздің бұлай деуіміздің себебі күні кеше ғана кері байланыс жөнінде аналық алғысын айта келген Гүлзира Оразбекқызы Мутиляпованың сөздерінен-ақ аңғаруға болады. Гүлзира бар болғаны 35 жаста. 5 баланың анасы. 2 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп отырған қаракөз сіңіліміздің балалық шағы оңай өтпеген екен. Ата-анасынан 9 сыныбында бірдей айырылған жас қыз, інісі екеуі талай қиындықтарды бастан өткерген. Өзінен бір жас кіші інісіне ана орнына ана, әке орына әке болып, арнаулы мамандық иесі атандырады. Бүгінде інісін үйлендіріп, өзі де отбасын құрған Гүлзираның өмірге деген қызығушылығы ерек. Жоғарғы білім ала алмаған бойжеткен осы уақытқа дейін екі қолға бір күрек дегендей, ерлерше еңбек етіп, адалынан нанын тауып келеді екен. Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар деген. Гүлзираның жігерлілігімен, қайсарлығы, оның еңбекқорлығы мен ақжарқын мінезі кез-келген бойында адами қасиеті бар жанға бауырлық сезім оятпай қоймайды. Ал, халқымыз: “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!” – деп тегін айтпаған ғой. Орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады. Бес баласын жетектеп, өмірден өз орнын тауып, ешкімге алақан жаймай еңбек еткісі келген Гүлзираның айтуынша “Үкімет «еститін мемлекетке» айналуы тиіс” деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай аудан басшысы Бақытжан Жақсылықовтың халықпен кері байланысына ризашылығы шексіз. Екі кештің арасында жаны қиналған жас ана, аудан әкімінің фейсбук желісіндегі парақшасындағы жекесіне мән-жайын айтып жазады. Жауап бере қоймас, сондада жазып көрейін деген келіншек әкімнің қайта жауап жазған сәтінде қуанышын жеткізе алмайды.

– Иә, қарындасым жағдайыңызды түсіндім, ертең мамандар хабарласады,-деген сөз келген соң үміт оты одан бетер ояна бастайды. Ертесіне жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрхан Ақмағанбетов хабарласып, алты айлық қоғамдық жұмыспен жолдама береді. Тек қара жұмыс жасап балаларын асырап жүрген келіншек аудандық полиция бөліміне инспектордың көмекшісі болып орналасады. Жаңа орта, жаңа жұмыс орнындағы әріптестеріне көркем мінезімен, еңбек сүйгіштігімен тез сіңген Гүлзираны бүгінде ортасы жақсы қабылдап, оның алдағы уақытта да әріптес болуын қалайды. – Дүниедегі ең үлкен марапат – ол қарапайым халықтың берген бағасы мен халықтың берген алғысы. Алғыс алу үшін ел мен жерге қызмет ету қажет. Міне, осындай жақсы тұлғалардың бірі аудан басшысы, жұмыспен қамту орталығының басшысы және аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов мырза. Бір сөзбен айтқанда халық үніне құлақ асу. Сауалдарға қанағаттанарлық жауап қайтару. Мақсат біреу-елмен бірге ел еңсесін тіктеу. Алдағы жарқын болашаққа халықпен бірге жету десек, аудан әкімінің халықпен кері байланысына аналық алғысым шексіз. Ал, Асхат Аманқұлының қарапайымдылығы мен имандылығына айтар ризашылығым көп. Білмегенімді өзі келіп көрсетіп, жаныма келіп жағдайымды сұрап, бала-шағамның болашағы үшін еңсемді тіктеп еңбек етуіме тамшыдай болсын үлес қосқаны үшін қуаныштымын. Қуаныш бөліссе көбейеді деген. Өз қуанышымды, азаматтарға айтар алғысымды көппен бөлісуді жөн санадым,-дейді Гүлзира Оразбекқызы. Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы
Comments (0)
Add Comment