Көп ұйықтау, мазасыздық: депрессия болғанда не істеу керек?

Депрессия – адамның эмоционалды және физикалық күйіне әсер ететін ауыр психикалық құбылыс. «Депрессия» сөзі латынның «қысым» дегенді білдіретін «depressio» терминінен шыққан. Алғаш рет бұл сөзді медициналық лексикаға ХVІІ ғасырда француз дәрігері Жан Феруссак енгізген. Ол бұл сөзді психикалық және физикалық қысымның жағдайын сипаттау үшін қолданды.

Уақыт өте келе депрессия ұғымы дамып, өзгеріп отырды және қазіргі уақытта көңіл-күйдің төмендеуімен, әдеттегі әрекеттерге қызығушылықтың жоғалуымен сипатталады. Депрессия медициналық проблема ретінде қарастырылады және оны емдеу үшін арнайы мамандардың көмегі қажет.

Депрессияның негізгі белгілері:

– үнемі қайғы, үмітсіздік сезімі;

– хоббиге деген қызығушылықтың жоғалуы;

– энергияның төмендеуі және шаршау сезімі;

– зейіннің төмендеуі, шешім қабылдаудағы қиындықтар және есте сақтау мәселелері;

– тәбет пен салмақтың өзгеруі (салмақ қосу немесе жоғалту);

– көп ұйықтау немесе ұйқысыздық;

– мазасыздық, ашуланшақтық;

– өлім, суицид немесе өлу туралы қайталанатын ойлар.

Неліктен адамдарда депрессия болады?

Депрессияның негізгі себептерінің бірі – көңіл-күй мен эмоцияны басқаратын серотонин, допамин және норадреналин секілді мидағы химиялық заттардың жетіспеушілігі. Мысалы, серотонин деңгейінің төмендеуі депрессиялық жағдайлардың пайда болуымен байланысты.

Сондай-ақ депрессия адамның өміріндегі оқиғаларға байланысты туындауы мүмкін. Мысалы, жақын адамынан айырылу, ажырасу, жұмыстан шығу, қаржылық мәселелер, қарым-қатынастағы проблемалар немесе денсаулықтың сыр беруі.

Кейбір адамдар депрессияның дамуына генетикалық тұрғыдан бейім болуы мүмкін, бұл көңіл-күй мен эмоцияны реттеуге жауапты гендердің тұқым қуалайтынына байланысты болады.

Депрессия күрделі психологиялық ауру екенін және оның себептері әр адам үшін түрлі болуы мүмкін екенін ескеру маңызды. Көбінесе депрессия бірнеше факторлардың жиынтығының нәтижесі болады.

Депрессия болған кезде не істеу керек?

Стресс пен депрессия адамның психологиялық және физикалық денсаулығына теріс әсер етеді. Сондықтан бұл жағдайлармен күресуді үйрену маңызды.

Кәсіби мамандардан көмек сұрау. Егер депрессияның өміріңізге айтарлықтай әсер ете бастағанын сезсеңіз, психологқа немесе психиатрға бару маңызды. Сарапшы сіздің жағдайыңыздың себептерін анықтауға, кеңестер беруге және жеке емдеу жоспарын ұсынуға көмектеседі.

Күнді жоспарлау. Күн тәртібін жақсарту және өнімділікті арттыру үшін өзіңізге кесте құрып көріңіз. Жаттығу мен медитация жасаңыз, кітап оқыңыз немесе жай ғана демалыңыз.

Спортпен шұғылдану. Жүгіру, йога немесе жүзу сияқты тұрақты жаттығулар стрессті азайтуға және көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі.

Ұйқыны реттеу. Қараңғы, салқын бөлме сияқты жағдай жасап, тұрақты ұйқы режимін ұстаныңыз. Бұл сіздің стресс деңгейіңізді төмендетуге, физикалық және психикалық денсаулығыңызды жақсартуға көмектеседі.

Жақын адамдармен сөйлесу. Достарыңызбен және отбасыңызбен уақыт өткізіңіз, проблемаларыңыз бен сезімдеріңізді айтыңыз, олардан кеңес сұраңыз.

Хобби табу. Өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысу сізді жағымсыз ойлардан алшақтатуға, көңіл-күйіңізді көтеруге және стресс деңгейін төмендетуге әсер етеді.

Ал депрессияға түспеу үшін не істеу керек?

Салауатты өмір салтын ұстаныңыз: үнемі физикалық белсенділікпен айналысыңыз, дұрыс тамақтаныңыз және ұйқыңызды қандырыңыз.

Жақындарыңызбен сөйлесіңіз: отбасыңыз бен достарыңыздың қолдауы психикалық әл-ауқатты сақтау үшін маңызды.

Стрессті басқару стратегияларын қолданыңыз: демалуды, медитация жасауды немесе терең тыныс алуды үйреніңіз.

Нақты мақсаттар қойыңыз және өзіңізді жақсы көріңіз: өзіңізге қамқор болыңыз және әр адамның өзіне ғана тән әлсіздіктері мен қателіктері бар екенін ұмытпаңыз.

Хоббиіңізге уақыт бөліңіз: өзіңізге ұнайтын нәрсені жасау сізді бақытты сезінуге көмектеседі.

Артық стрестен аулақ болыңыз: жағымсыз адамдармен өткізетін уақытты шектеуге тырысыңыз.

Табиғатпен байланыста болыңыз: таза ауада серуендеңіз, қоршаған орта көңіл-күйіңізге оң әсер етуі мүмкін.

https://turkystan.kz/article/225799-kop-uyyktau-mazasyzdyk-depressiya-bolganda-ne-isteu-kerek/
Comments (0)
Add Comment