Кондуктор жолаушы әйелді соққыға жықты

Алматыда №16-шы маршруттық автобусының мас кондукторы әйелді соққыға жықты.

Зардап шеккен әйел бұл туралы ҚР ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтың жеке блогына жазды.

Келіншектің айтуынша, оқиға 28 маусымда 16 маршрутта болған. Оқыс оқиғадан соң әйел Медеу аудандық ІІБ арыз жазды.

«Менің бетім ісіп тұр. Сол жақ көзім бұлдырайды. Көзімнің айналасына қан ұйыған. Миым шайқалған. Психологиялық жағдайым өте мүшкіл. Сол жақ қолым ұйиды. Аузымды әрең ашамын. Сол үшін жұмысымнан қалып, емделуге мәжбүрмін», — деді ол.

Сонымен қатар, келіншек министрден дені дұрыс емес, ішімдікқұмар адамды жұмысқа алғаны үшін автобус паркін жауапқа тартуды сұрайды.

«Заң өкілі ретінде сізден автобус паркін жауапқа тартуды сұраймын.

«Мен көмекке шақырғанда жүргізуші қарап тұрғанымен қоймай, мені психологиялық науқас деді. Мені қорғауыңызды өтінемін», деп жазады ол.

Әйел халықаралық адам құқығын қорғау сотына да жүгінбек. Министр Қалмұханбет Қасымов әйелдің арызына жауап берді.

Оның айтуынша, маршрут кондукторы ҚР ҚК 293 бабының 1 бөлімімен жауапкершілікке тартылады.

«Күдікті орта дәрежеде мас болғаны анықталды. Сол күні аталған іс бойынша сұрақ-жауап  алынды. Сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, іс-әрекетіне процессуалды шешім шығарылатын болады», — деді министр.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment