КІТАПХАНАҒА ТАРТУ

Жақында аудандық кітапхананың директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Жолмаханова Айтбала Абухасқызымен хабарластым. Өткен жылы аудандағы жастар орталығының құрылғанына 15 жыл толуына орай жарық көрген «Жастықтың оты жалындап..» атты кітабымды аудандық кітапханаға тарту етсем деген ойымды айттым.
— Асан, бұл ойың дұрыс әрі жақсы бастама екен. Кез-келген уақытта әкел, аудан және ауыл кітапханаларында тұрсын – деп, Айтбала Абухасқызы ойымды құптап, қолдауын білдірді.
Жаңа жыл қарсаңында аудандық кітапханаға барып, кітабымды тарту еттім. Аудандық кітапхананың директоры іссапарда болғандықтан, кітапты кітапхана саласының ардагері Қожаназарова Светлана Ерғалиқызы бастаған кітапхана қызметкерлеріне табыстадым.
Бұл кітапта ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған «Сарысу жастары» мекемесінің (қазіргі Жастар ресурстық орталығы) құрылуы, мекеме ретіндегі алғашқы қадамы, жеткен жетістіктері мен қалыптасу кезеңдері, жастар арасында ұйымдастырылған алғашқы іс-шаралар баяндалады. Кітапқа орталыққа әркез қолдау білдірген сол кездегі аудан басшылары, ел ағалары, мекеме басшылары туралы мәліметтер мен белсенді жастардың өмірбаяндары да енгізілген.
Жастықтың оты жалындаған тамаша күндерден естелік болған бұл кітаптың аудандағы кітапхана оқырмандарына, аудан жастарына берері көп екендігіне сенімім мол.

Асан Тилемисов

Comments (0)
Add Comment