Жамбыл облысының бұрынғы Свердловск ауданы бүгінде Байзақ батыр атымен аталады. Байзақ Мәмбетұлы – еліміздің оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы батыр ретінде тарихтан белгілі. Ақыры ол Қоқан ханы Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады. Ал батырдың шашылып кеткен денесінен қалған екі саусағы Талас өзенінің бойындағы Сарыкемер ауылының маңына жерленеді. Бұл күнде батыр кесенесі Әулиеата өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірінен саналады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне аудан орталығы Сарыкемер ауылы маңындағы «Байзақ баба» кесенесі енгізілген болатын. Аталған кесене «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан. Енді тарихи нысан айналасы көріктендіріліп, абаттандырылатын болса, бұл болашақта туристердің келіп тамашалайтын қасиетті орнына айналатын болады.
Жыл сайын кесенеге мектеп оқушылары мен аудан жастары келеді. Сонымен қатар мұнда туристердің экскурсияларын ұйымдастыру, аудан көлеміндегі тарихи орындардың стенділерін және киелі жерлердің макеттерін дайындап, кесене маңына орналастыру, сондай-ақ түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда. Ал бүгінгі таңда кәсіпкерлердің демеушілігімен «Байзақ баба» кесенесіне баратын жол салынып, су тартылып, көгалдандыру жұмысы қолға алынып, маңына кеспе тастар төселген. Сонымен қатар кесене маңын жарықтандыру және айналасын қоршау жұмыстары жүргізілді. Келешекте бұл орын Әулиеата өңіріндегі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді тарихи нысанға айналып жатса, өңір тарихына да тың беттер қосылмақ.