АЭС тек энергетикалық сұранысты қанағаттандырып қоймай, экономикаға жан бітіріп, әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге себеп болатыны анық.
Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр қуатын тұтыну 152,4 миллиард киловатт-сағатқа жетеді. Ал жұмыс істеп тұрған станциялар бар болғаны 135 миллиард киловатт-сағат өндіре алады. Қазір мемлекет электр қуатының тапшылығын шешу үшін Ресейдің көмегіне мұқтаж. Бұл өз кезегінде артық шығын және елдегі энергетикалық нарық қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеп соғады. Осы орайда штаб мүшелері АЭС энергетикалық тәуелдіктен құтқаратын маңызды жоба екенін тілге тиек етті.
Жиын барысында компания ұжымы атом электр станциясын алмастыратын баламалы энергия көздерін дамытуды, радиоактивті қалдықтардың халыққа, қоршаған ортаға зиянын, Чернобыль мен Фукусимадағы апаттар, мамандардың біліктілігі, сонымен қатар өңірдегі экологиялық проблемалар жайлы сөз қозғап, сұрақтарын қойды.
«Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуда алға жылжу байқалады. Дегенмен бұл ауа райы жағайына тәуелді әрі тұрақты энергиямен толық қамтамасыз ете алмайды. Ал атом электр станциясы құрылысынан қорқудың қажеті жоқ. Себебі АЭС әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді қондырғылардың бірі. Ал апаттардың ықтималдығын азайту үшін МАГАТЭ мүше мемлекеттерге атом электр станцияларының қауіпсіздігін жақсарту үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға көмектеседі, – деді халықтық штабтың мүшесі Орынбасар Тоғжанов
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметіне сенсек, қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор жұмыс істейді, тағы 62 салынып жатыр. Атом электр станцияларының ең көбі АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан. Осы ретте штаб мүшелері Қазақстанның әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдарына сүйене отырып, әйгілі француздық Assystem инжинирингтік компаниясы бекіткен технологияларды бағалаудың өзіндік жүйесін әзірледі. 13 жоба зерттелді, III және III+ буынының 5 реакторы таңдалып отырғанын айтты.
https://turkystan.kz/article/249132-khalyktyk-shtab-kazaktenizkolikfloty-uzhymymen-aes-ku-rylysyn-talkylady