«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»
Халықпен диалог жалғасуда
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болуы маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады. Жоғарыда атап өткеніміздей диалогтың болу маңызды. Ол алдымен биліктің халықпен диалогы. Осының айырықша көрінісі аудан басшысының тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдауы. Бегзат Болатбеков қабылдауына жазылған тұрғындар арқалап келген сұрақтарын қойып, барлығына тұшымды жауаптар алды. Халыққа қажеттісі тұрғын-үй жайы, жұмыспен қамту, құжаттарын рәсімдеу, тағысын-тағы. Жалпы әлеуметтік мәселелер. Осының барлығын жауапты мамандармен бірге отырып тыңдаған аудан әкімі кейбіріне нақты жауабын сол жерде берсе, келесі сұрақ назарға алынып, жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.