Халықаралық іздеуде болған қазақстандық Ресейде ұсталды

Күдіктіге қылмыстық топтың құрамында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеу салынған.

«Күдікті 2015 жылы таныстарымен алдын ала сөз байласып, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы мейрамханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыстың нәтижесінде мейрамхана иесіне 46 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Күдіктінің серіктестері қылмыстық жауапқа тартылды, ал күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды», — деп хабарлады прокуратурадан.

Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Ресейдің Ростов облысында ұсталды. Содан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

https://turkystan.kz/article/250071-khalykaralyk-izdeude-bolgan-kazakstandyk-reseide-ustaldy

Comments (0)
Add Comment