Ардагерлер ел болашағы үшін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ғимаратында 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өтті. Басқосуға облыс және Тараз қаласының белсенді ардагерлері, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынға «Отандастар» қауымдастығы, Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы, Желтоқсан оқиғасы ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, «Белсенді ұзақ өмір» орталығы және басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысып, алдағы маңызды саяси науқан төңірегінде пікір алмасты. Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев ашып, жиынның мақсаты мен маңызын атап өтті.
Ол өз сөзінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуін оқып, ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азамат референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы тиіс екенін айтты. Жиын барысында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Әбдікешова сөз сөйлеп, ардагерлер қауымының қоғамдағы орны мен олардың елдік мәселелердегі белсенділігі туралы пікір білдірді. Сондай-ақ ардагерлер және басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тұрғындарды бірлік танытып, референдумға белсенді қатысуға шақырды. Басқосу соңында облыстық ардагерлер кеңесі қабылдаған арнайы Үндеу көпшілікке таныстырылды. Құжатты облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Қ. Ильясов оқып берді. Үндеуде өңір тұрғындарына алдағы референдумға белсенді қатысып, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге өз үлестерін қосу қажеттігі айтылды. Жиын қорытындысында қатысушылар елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімді нығайту жолында азаматтық белсенділіктің маңызы зор екенін атап өтті.
Конысбай Ильясов