Бүгінгі таңда түрлі әлеуметтік желілерді қолданушылардың әлемдегі, елдегі маңызды жаңалықтардан дер кезінде хабардар болуына толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде, қазақстандықтар ғаламтордың игілігін белсенді пайдаланып келеді. Алайда, көпшілігіміз жаһандық торда жылт еткен жаңалықтың сенімділігіне көз жеткізбей жатып өзгелермен бөлісуге асығып тұрамыз. Анық-қанығына жетпей бөліскен жалған ақпараттың салдарынан ел ішінде гу-гу әңгіме тарап, тіпті, арты үлкен мәселелер туындатып жатады.
Өткен апта ішінде «WhatsApp» мессенджерін пайдаланушылар арасында салық төлеу мерзімінің өзгергеніне байланысты түрлі хабарламалар тараған болатын. Онда салықтық төлемдердің барлық түрлері – жер, мүлік және көлік құралдарына салынатын салықтарды үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін төлеу керектігі айтылған. Ал, аталған мерзімге дейін үлгермегендерге 8 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салынып, банктердегі есепшоттары бұғатталатыны және барлық банктік операциялар қолжетімсіз болатыны баяндалған.
Аталған және өзге де осы мазмұндас хабарламалардың тарауы ел ішінде дүрбелең туындауына себеп болды. Айыппұл төлейтіндей жағдайға жеткізбеудің қамын ойлаған халық апта ортасынан ауа облыстағы мемлекеттік кірістер органдарына лап қойды. Тіпті, міндеттелген төлемдерін төлеу үшін таң қылаң бергеннен келгендерді де көзіміз көрді. Нәтижесінде салық органдарының ғимараттарында ұзын-сонар кезектер пайда болды.
Осы орайда, біз аталған хабарламаның қаншалықты рас екенін, мұндай міндеттемелер қашан енгізілгенін және аталмыш мерзімде салық төлеп үлгермегендер үшін қандай жаза қарастырылғанын анықтап көрген едік.
Хабарлама шындыққа жанаса ма?
Анығына келгенде, «WhatsApp»-та таралған бұл хабарлама ғаламтор кеңістігінде өткен жылдың желтоқсан айында пайда болған еді. Онда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерістер енгізілген Кодекс күшіне енетінін, сол себепті барлық салықтық төлемдерді 31 желтоқсанға дейін төлеу қажеттігі айтылған. Бұл ақпарат тарасымен Мемлекеттік кірістер комитеті оны мемлекеттік орган таратпағанын, хабарламаның жалған екенін мәлімдеген болатын. Десе де, ресми орган онда көрсетілген мәліметтердің жартылай шындыққа жанасатынын ескерткен еді. Атап айтқанда, тек көлік құралдарына салынатын салық жыл аяғына дейін төленуі тиіс болатын.
Бұл жолы тараған хабарлама бұрынғысының дәл көшірмесі. Тек, мерзімі ғана өзгертілген. Демек, бұл хабарлама да жартылай жалған болып есептеледі екен.
1 қазаннан кешіккендер жазаға тартыла ма?
Жоғарыда айтқанымыздай, хабарламада көрсетілген ақпарат шындыққа толық жанаспайды. Ал, айыппұл салынатыны туралы мәлімет мүлдем жалған болып шықты.
Аталған жайтқа байланысты ресми жауап берген Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Жандос Лахаев салық төлемдерін 1 қазаннан кешіктіргендерге ешқандай жаза қолданылмайтынын айтады.
– Өткен жылы жеке тұлғалардан мүлік және жерге салық төлеу жүргізілген жоқ. Себебі, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 391-бабының 3-тармағына және 409-бабының 7-тармағына сәйкес жоғарыда көрсетілген салық төлемдері салық кезеңінің келесі жылының 1 қазанына дейін ұзартылды. Яғни, бұған дейін ағымдағы жылдың салығын осы жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек болса, өзгертілген Кодекске сәйкес бір жылдың салығын келесі жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет.
Алайда, белгілі жағдайларға байланысты төлемдерін кешіктірген азаматтарға жаза қолдану қарастырылмаған. Өйткені, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде мұндай норма жоқ. Мұндай жағдайда тек төлемдердің кешігуіне байланысты негізгі сомаға өсімпұл (пеня) қосылады. Ал, бір жылғы көлік салығы осы жылдың 1 желтоқсанына дейін төленуі тиіс, – дейді Жандос Мұсаханұлы.
Дегенмен, салықтық берешегі көбейіп кеткендер банктің қызметтерін пайдалана алмайды. Атап айтқанда, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы алатын азаматтардың банк карталары және есепшоттары бұғатталады екен.
Бірақ, мұндай шектеулер салықтық төлемдерінде қарызы барлардың барлығына бірдей салынбайды. Өйткені, оны енгізудің де өз тәртібі бар. Мәселен, барлық салық төлеушілер 1 қазанға дейін салығын төлеуге міндеттеледі. Ал, үлгермеген азаматқа оны төлеуге 30 күн беріледі. Осы уақыт ішінде төлем жасалмаса, салықтық қарызы
1 айлық есептік көрсеткіштен (2 405 теңге) асатын борышкерлерге мемлекеттік орган арнайы шешім шығарып, оның ісін жеке сот орындаушыларға тапсырады. Өз кезегінде, олар азаматты шетелдерге шығу құқынан айыру және банк қызметтерін пайдаланудан тыю сияқты мәжбүрлі шаралар қолданады.
Халықты алдын ала құлақтандыру қажет
Десе де, елдің мұншалықты даурығуы қарапайым халықтың қолданыстағы заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістерден хабардар болмауынан туындап отырған секілді. Өйткені, салықтық төлемдерді төлеудің соңғы мерзімі 1 қазан екендігінен хабары бар азаматтар мерзімнің аяқталуына бірнеше күн қалғанда ғана мемлекеттік кірістер органына ағылмас еді. Демек, заңға өзгеріс енгізілгенін «WhansApp»-тан хабарлама келген кезде ғана білген жұртшылық бұл туралы алдын ала хабарландырылмаған немесе біле тұра мән бермеген деп қана топшылауға болады мұндайда.
Дейтұрғанмен, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары алдын ала хабарландыру жарияланғанын және мекеме қызметкерлері облыс көлемінде семинарлар өткізіп, қатысушыларға салық төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталатынын түсіндіргенін айтады. Алайда, ғаламтор беттерінде орналастырылған ақпарат компьютерлік сауаты жоқ ағайынға жетті ме? Сондай-ақ, семинарларға санаулы ғана адамдардың қатысатынын ескерер болсақ, жалпы жамбылдықтар аталған жайттан құлағдар болды деуге де келіңкіремейтін сыңайлы.
Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде «Салық төлеушінің кабинеті» және «Электронды үкімет» порталдары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, салық төлемдерін интернет-банкинг қызметі арқылы, екінші деңгейлі банктердің банкоматтары және терминалдарды пайдаланып та төлеуге болады. Бұл жайында халық білер болса, азаннан қара кешке дейін кезекте тұрудың да қажеті болмас еді.
Кезек мәселесінің күрмеуі шешілді
Ашығын айту керек, халық легі көп болған бірнеше күн мемлекеттік кірістер органдары күшейтілген режимде жұмыс атқарды. Мәселен, Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы әдеттегі жұмыс уақытын ұзартып, таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін түскі үзіліссіз қызмет көрсетті. Сондай-ақ, осында өз қызметтерін ұсынатын «Қазпошта» АҚ мен «Цеснабанк» банкінің қызметкерлерінің де жұмыс режимі осы уақытқа сәйкестендірілді. Азаматтарды қабылдайтын кассалар саны 7-ден 11-ге дейін ұлғайтылып, мүгедектер мен ардагерлерге арнайы 2 кассада кезектен тыс қабылданды.
Мұндай шаралар барлық мемлекеттік кірістер басқармаларында қолға алынып, салық төлеушілердің төлемдері кедергісіз қабылданды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «WhatsApp» мессенджері арқылы тараған хабарламада көрсетілген «1 қазанға дейін салық төлемегендерге айыппұл салынады» деген ақпарат жалған болып шықты. Ал, аталған мерзімге дейін салық төлемдерін төлеп үлгермесеңіз, сіздің айдың аяғына дейін уақытыңыз бар. Десе де, негізгі төлемге қосылатын өсімпұл көлемі өсіп кетпеуі үшін неғұрлым ертерек төлегеніңіз дұрыс. Ал, салықтық қарыздарыңыздың бар-жоғын мемлекеттік кірістер органдарына хабарласып, не болмаса Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің сайтынан және «Электронды үкімет» порталына кіру арқылы біле аласыз.