Халық – басты капитал

Мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін көзі қарақты азаматтар жақсы біледі. Өркениеттіліктің негізгі индикаторы – сол елдің рухани байлығы, яғни мәдениеті, әдебиеті, ұлттық құндылықтарының сақталуы. Халқының қаншалықты құқықтық сауатты екені, ашық демократиялық үдерістердің қандай бағыт алғаны да есепке алынады. Адами капиталға үлкен мән беріледі. Әлеуметтік мәселелер де басты назарда. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық санаға серпіліс туғызып қана қойған жоқ, еліміздің өркендеуін басқа қырынан бағалауға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек.
Біз табиғи байлығымыздың мол қорын айтып, мақтанамыз. Елдің экономикалық әлеуеті басқа мемлекеттермен тереземізді теңестіретіні де рас. Бірақ гәп мынада: Өскелең ұрпақ сол табиғи ресурстарды мемлекетті экономикалық жағынан тиімді және ұтымды дамытуға пайдалана ала ма? Біздің ғылыми әлеуетіміз қандай?
Тәуелсіз Қазақстан өткен ширек ғасырда экономикада көп нәрсеге қол жеткізді. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің өсуі, дамыған агроөнеркәсіптік кешен – өнеркәсіптік революцияның оң нәтижелері. Ал енді сонымен бірге келген, әр салаға дендеп енген ақпараттық технологияларды меңгеруге, ғылыми прогресті игеруге дайынбыз ба?
Білім мен ғылым туралы сөз қозғалғанда, сана мәселесі атойлап шыға келетіні түсінікті. Біз заман көшіне ілесу үшін қоғамдық сананы да қайта жаңғыртуға тиіспіз. Рухани жаңару да осымен үндес қажеттілік. Ал Ұлт Көшбасшысының мақаласында көрініс тапқан шынайы патриотизм сезімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қарым-қатынастың үлгісі – қазақстандықтарды рухани жаңаруға бастайтын жол болып отыр. Отанға, туған қаласына және өз ауылына деген сүйіспеншілік, мақтаныш және адалдық тек сөзбен ғана емес, іс-әрекетте көрінуі керек.
Бірер жыл бұрын ғасырлар призмасы арқылы біздің мемлекеттілігіміздің ресми қалыптасуының алғашқы кезеңдерінің бірі болып табылатын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Бес жарым ғасыр – үлкен уақыт кезеңі. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз тіршілік ету ортасын, жер ресурстарын сақтай отырып, өте прагматикалық және үнемді жұмсайтын бірегей экологиялық тұрғыдан дұрыс өмір салтын сақтап қалды. Ұлттық генетикалық кодтың сақталуы – қазір қазақстандықтардың өз елінің тарихын, тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы өз тарихын, мәдениетін білмейтін және тілін сақтамайтын халық уақыт өте келе өркениет ретінде жойылатынын көзі ашық жандар біледі. Біз мәңгүрт емеспіз, біз өзіміздің тұтастығымызды, болмысымызды сақтап қалған ұлтпыз. Ал оны әрі қарай жаңғырту жолын Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көрсетіп берді.
Рухани және мәдени құндылықтарды сақтау және арттыру – ұлт міндеті. Біздің еліміз дамыған бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Олар қазіргі заманға бейімделуі керек. Қазақстандықтарда прагматикалық сананы қалыптастыру мен ойлау жүйесін жаңа бағытқа бейімдеу – тек сапалы жаңартылған білім беру жүйесін толық қолданысқа енгізгенде ғана мүмкін болмақ. Бүгінгі таңда университеттер мен мектептерде, лицейлерде және гимназияларда осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Білім беру жүйесі барлық деңгейде жаңарып, жетілдірілуде. Жастар үшін басты басымдық – мәдени білім болуы қажет.
Білім алу мәдениетін қалыптастыру үшін М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде студенттердің өз еркімен білім алуға ұмтылуына, өзгермелі қоршаған орта жағдайына дайын болуына, ақпарат ағымын басқаруға және сырттан жаһандық проблемаларға дайын болуға ынталандыруға басты назар аударылуда. Елімізде білікті кадрлар даярлауды 40 пайызға арттыруды көздейтін, Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша тегін техникалық біліммен қамтамасыз ететін Президент ұсынған жаңа жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар мамандардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік беретін, кредиттік жүйесі бойынша үш біліктілікті меңгеру мүмкіндігі бар білім беру бағдарламалары әзірленуде.
Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бағытына сәйкес жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студенттік жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында білім грантының 20 мыңға көбеюі жастарға, әсіресе ауыл жастарына үлкен қолдау болып отыр. Оқу аяқталғаннан кейін еліміздің жас азаматы Елбасының «Әрбір отбасына тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» атты бірінші бастамасына сай қабылданған әлемде баламасы жоқ «7-20-25» бағдарламасы бойынша қолжетімді баспана алуға құқылы. Бұл әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған жаңа, ауқымды қадам. Одан әрі төртінші бастамада көрсетілгендей шағын несие алып, өз ісін бастауға да мүмкіндік бар.
Бұл бастамалар – төртінші индустриалдық революция кезеңінде Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға серпін беретін қадамдар. Осыған байланысты адами капиталды байытуға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, меншiктi технологиялар мен 4.0, өнеркәсіптік технологиялар саласындағы құзыреттілігіне қатысты негізгі салаларды технологиялық қайта құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Отандық кәсіпорындар үшін өз пайдасын арттырып қана қоймай, дамудың жаңа технологиялық деңгейіне шығудың, сондай-ақ жаңа нарықта бәсекеге қабілетті тауарды өндіруге нақты мүмкіндікті іздестіруде. Өндірісті цифрландыру бағытында елеулі прогресс орын алды. Экономикалық жеңілдіктерге қол жеткізуден басқа қысқа мерзім ішінде индустрия саласына бизнес пен қолданбалы ғылымды енгізуге мүмкіндік туды. Әсіресе жоғары білім беретін оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашылды. Соның нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми әзірлемелері ресурстарды үнемдейтін, жоғары тиімді ғылыми негізделген технологияларды ұсына алуда. Болашақта халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын өнеркәсіп үшін цифрландыру жобаларының айналасында жаңа жоғары технологиялық АТ-сервистік компанияларды құру қажет.
Елбасының әлеуметтік бастамалары мен Жолдауда көрсетілген міндеттер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы нақты бағыттар еліміздің ең маңызды байлығын – адами капиталдың дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Біздің мемлекет халықтың жақсы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Сіз – 18 миллион халықтың бірісіз, ендеше сіздің экономикаға қосқан үлесіңіз елімізді дамыту үшін маңызы зор.

Әнуарбек ӘЙМЕН, 
профессор, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті технологиялық факультетінің деканы

Comments (0)
Add Comment