Кездесу округ тұрғындарының ойынан шықты

Т. Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов Абай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы өз сөзінде бұл кездесудің реті Мемлекет басшысының № 826-шы Жарлығы аясында өтіп отырғанын атап өтті.

Содан соң әдеттегідей халық кәдесіне жарайтын ауқымды тірліктердің тізбегін «тігісін жатқызып тұрып» халыққа егжей-тегжейлі баяндап берді. Ернар Серікәліұлы Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай ауылдарының халқы жақын арада ауыз судың рахатын көретінін айтты. Былтыр бұл ауылдарда ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстары басталған болатын. Жоба – өтпелі еді. Енді міне, жұмыс аяқталып отыр. Жуық арада пайдалануға беріледі. Сонда біз атаған 3 ауылдың тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады. Таза ауыз суға қатысты мына мәселені де аудан басшысы осы жиналыста назардан қалдырған жоқ. Ол – Ақниет ауылдық округіне қарасты Әбілхайыр елді мекеніне қойылатын « Кешенді модульды блок» мәселесі. Биыл Әбілхайыр елді мекеніне жаңағы біз айтқан «Кешенді модульды блок» міндетті түрде орнатылады екен. Оған аудандық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініпті. Бұл мәселе жөнінде:
– Осы таяуда ғана теледидардан бұл мәселе көрсетілді. Мен Д.Қонаев ауылында өткен кездесуде де айтқан едім осы жайды. Айқай салып, даурығатындай мәселе емес еді. Ақша бөлінді, жұмыс жүргізіледі. Бізде үйде отырып алып әңгіме айтатын «батырларымыз» көп өкінішке орай. Десе де, біздің ол жағдайға сағымыз сынбау керек. Керісінше, жұмыс істей беруіміз қажет. Ауызбіршілік болса, біз кез келген мәселені оңтайлы жолмен іске асыратын боламыз, – деді аудан басшысы. Содан соң Ернар Серікәліұлы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салалары бойынша да сөз қозғады.
Енді Абай ауылдық округіне тоқталайық. Абайда газ бар, ауыз су жүйесі тартылған. Заман талабына сай салынған келісті дәрігерлік амбулатория да бар. Мектеп те бар. Халық ақша жинап, мешіт жанынан асхана да салып қойды. Өткен бір жиналыстардың бірінде Жастар және Самал көшелерін жөндеу туралы айтылған еді. Оған тиісті қаражат бөлініпті. Маусым айынан бастап, аталмыш көшелер жөнделеді. «Енді жаңа мәдениет үйі мен спорт кешені салынса…» дейді абайлықтар. Бұл мәселелер тұрақты бақылауда екен. Бұйыртса өз шешімін табатын болады.
Абай ауылдық округі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енгенін білесіздер. Тиісті жұмыстар атқарылды. Тұрғындар үйлерін кепілге қойып, несие алып, тірлікті бастап кетті. Бұл жобаның мақсаты – «той жасап немесе зыңдай көлік міну емес». Басты мақсат – тұрғындардың табысын арттыру. Ең бастысы, абайлықтар соны түсінеді. Яғни, округ тұрғындары табыстың көзін тауып, жағдай түзегісі келеді. Абай ауылдық округінде, яғни Еңбекші мен Көкарықта тұратын тұрғындардың өте еңбекқор екенін біз жақсы білеміз. Жалқаулыққа салынбай, еселі еңбек етіп, содан пайда тауып отырған бірді-екілі азаматтарды да жазғанбыз газетке. Бұл округтегі халықтың тиімді бастаманы ұршықша иіріп әкетіп, содан нәтиже шығаратынын содан-ақ біліп отырмыз.

Comments (0)
Add Comment