Кеншілер күні бірінші рет тойланбады: «Сол кезде Назарбаевты бекер ренжітті»

Биыл Қазақстанда кеншілердің кәсіби мерекесі 27 тамызға тура келді. Алайда биыл Қарағанды өңірінде мереке бірінші рет тойланбады. Оған осыдан тура 11 күн бұрын «Қазақстан» шахтасында басталған өрт салдары себеп болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қарағандыдан 37 шақырым жерде Шахтинск қаласы бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында Тентек өзенінің жағасында Тентек көмір кен орнының ашылғаннан кейін пайда болған шағын қала. Соңғы жылдары бұл қаланың аты жаңалықтарда шахтада болған кезекті апаттан соң ғана аталып жүр.

Бұрын Қарағанды көмір бассейнінде 26 шахта болған. Қазір оның 8-і ғана қалды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты бұл кәсіпорынның төртеуі осы Шахтинк қаласының іргесінде орналасқан. Соның бірі – тура 11 күн бұрын апат болған «Қазақстан» шахтасы. Ең үлкені – «Ленин» шахтасы, онда былтыр қарашада апат болып, бес адам қаза тапқан еді. Тағы екі шахта – «Тентек» пен «Шахтинск». Бір кездері бұл шахталардың да аты апат жағдайында ғана аталатын.

Бүгінде Шахтинск қаласында 40 мыңға жуық адам тұрады. Еңбекке жарамдысының көбі шахтада істейді. Қалада әңгіме тартқан адамдар шахтаға қатысты айтылып жатқан жаңалықтан хабардар. Бірақ ол тақырыпта ашылып сөйлескісі жоқ.

Сұқбаттасуға келіскен жалғыз адам болды – Жанайдар Тоқабеков. 40 жылдан астам уақыт шахтада істеген, бүгінде зейнеткер.

«Өзім еңбек еткен жылдары шахтада түрлі апаттар болды. Сонау 1979 жылы «Соқыр» шахтасында үлкен апат болды. Ленин, Абай, Шахтинск шахтасында да үлкен апаттар болды. Әр апатты есте сақтай бермейсің. Уақыт өте келе бәрі ұмытылады екен. Қазір нақты датасы есімде жоқ. Бағыма орай қырық жылдың ішінде ондай апатты басымнан өткерген жоқпын», — деп бастады ол әңгімесін.

Айтуынша шахтадағы апат салдарынан жақын араласқан досынан айырылған.

«Апат айтып келмейді ғой, көз көрген, жақын араласқан жігіттер кетті… 80-жылдардың басында көрші тұрған Болатты көмір басып қалды. Одан кейін «Тентек» шахтасында істеп жүргенде тағы бір Болат деген жігітті вагон қысып қалып, қаза тапты. Тағы бірде орыстың бір жас жігіті жұмыста қаза тапты. Әлі үйленіп үлгермеген жас жігіт еді… Жұмыс кезінде кішігірім жарақат алып, кеншілердің саусағынан айырылу жағдайы жиі кездесетін. Саусақтан айырылу деген ауыр жарақат қой. Бірақ соған етің де үйренеді екен», — деп қосты кенші.

1989 жылы Қарағандыда кеншілер наразылыққа шығып, бірқатар экономикалық әлеуметтік мәселе бойынша талап қойған болатын. Бірнеше күнге созылған ереуілдің ішінде ол да болған.

«Ол митингке бәріміз қатыстық. Шахтинск алаңында болды. Әлі күнге дейін есімде. Сол кезде Назарбаев бірінші рет келді. Кеншілер жалақыны көтеру, түнгі, демалыс күнгі жұмысы үшін үстеме ақы төлеу сияқты бірқатар талап қойылды. Сол кезде айтылған талаптардың көбі орындалды. Тек біреуі ғана орындалмай қалды. Ол зейнетке 50 жастан шығу туралы талап болатын. Ереуілшілердің алдына келген Назарбаевты орыс ұлтының азаматтары боқтады. Содан кейін ренжіп, зейнетке 63 жастан бастап шығаратын заңға қол қойды. «Сол кезде боқтамай тыныш жүру керек еді» деп айтқан кезіміз болды», — дейді кенші.

Еске сала кетейік, «Қазақстан» шахтасында болған апаттан кейін Үкімет кеншілердің зейнетке 55 жастан бастап шығатынын мәлімдеді. Тиісті заң жобасы әзірленген. Кеншінің пікірінше, бұл жаңашылдық саланың тұралауына әкелуі мүмкін.

«Енді зейнетке 55 жастан шығады деп жатыр. Меніңше, бұл сала үшін өте ауыр болады. Қазір салада онсыз да жастар жоқ. Жастардың көбі жеңіл жұмыс істейді, ауыр жұмыста жүргендердің дені 55 жастан асып кетті. Мойындау керек, ұзақ жылдар бойы бұл сала жастар үшін тартымды болған жоқ. Қазір бәрі 55-тен зейнетке шығып кетсе, жұмысқа ала қоятын кадрлық резерв жоқ.  Ауыл балалары негізінен шымыр келеді, бірақ қара жұмыс істегісі жоқ. Жеңіл жұмысты істеп, аз табысты қанағат тұтады. Ал қиынын үйреніп, отбасымды асыраймын дегендер аз», — деді ол.

«МИТТАЛДЫ ЖАЙБАРАҚАТ ЖІБЕРЕ САЛМАУ КЕРЕК»

Жанайдар Тоқабеков қаладағы барлық шахталардың жағдайын бес саусағындай біледі, себебі әр жылдары ондағы төрт шахтада еңбек еткен. Соңғы апат болған «Қазақстан» шахтасы да оған жақсы таныс.

«Компания болат депатаменті мен көмір департамент деп бөлінді. Кезінде Назарбаев сонда істегеннен соң ба, болат департаменті жоғарыға қойылды. Олар шахтаның жұмысын білмейді, бірақ жоспар орындау керек деп жоғарыдан қысып айтады. Меніңше, басшылықтың бар ойы – табыс табу. Адамның өмірі екінші орынға кетті. Өзгеріс болмады деп айта алмаймын, бірақ қазіргі заманның сұранысына қарай мықты етіп жасап жатқан жоқ. «Арселлор» келгенге дейін, келгеннен кейін де сол шахталарда істедім. Ештеңе өзгерген жоқ десем, өтірік болады. Техника келе бастады, мәселен немістің қуатты комбайндары келді. Сонымен қатар талап күшейді, бұрып бір учаскенің жоспары айына 50 мың тонна болса, кейін 100 мыңнан асырып беретін болды. Бұл шахталардың тозуына әкелді. Мәселен, «Тентек» шахтасын алайық. Қазір ол шахта көмірсіз отыр. Көмір бар, тек оны алуға дайындық жүргізілмеді. Сол жұмысты қазір істеп жатыр. Яғни, көрсеткіштің соңынан жүріп дайындық жағы қалып қойды», — деп жалғастырды сөзін.

Кейіпкеріміз жақында 5 адам қайтыс болған «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы жағдайға да тоқталды.

«Әр жұмыста жауапкершілік болуы керек. Көбіне мұндай апат болғанда жоғарыда отырғандар таза болып, жазадан құтылып кетеді де, төмендегілер кінәлі болып шығады. Апат болған жердегі жігіттермен сөйлесіп, сұрастырып білдім. Ол жердің қазіргі бастығының әкесі кезінде менімен бірге жұмыс істеген. Көз алдымызда өскен бала ғой. Өрттің қайдан шыққанын айту қиын. Оны тергеу анықтайды дейді. Меніңше, олар да нақты айта алмайтын шығар. Өйткені апатты жою жоспарына сәйкес, бірінші адамдарды алып шығу керек. Жоғалған кеншілерді іздеп жүріп бөгеліп қалды. Қаншама уақыт жіберіп алды», — дейді Жанайдар ата.

Сондай-ақ кенші «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстаннан кетуіне қатысты пікірін білдірді.

«Митталды кетіру керек» деген сөз болып жатыр. Оның қандай падасы болады? Меніңше Миттал қуана-қуана кетіп қалуы да мүмкін. Ол байып алды. Енді қайтеді… Шамамен 1600 адам жұмыссыз қалды. Қазір басқа шахталарға бөледі. Менің жеке пікірім, бұл инвесторды жайбарақат жіберуге болмайды. Алып шахтаны дағдарысқа жеткізді. Ақшасын салып, соны қалыпқа келтіруі керек деп ойлаймын. Бұл кеткенімен, келетін инвестор қандай болатыны белгісіз. Ол да ұрлауға келсе, не өзгереді? Кеткен күннің өзінде қалпына келтіріп кетуі керек», — деді ол.

«БҰРЫН МЕРЕКЕ БАСҚАША БОЛАТЫН»

Кенші жары Несіпжан Тілепбергенқызымен бірге Шахтинск қаласында тұрады. Ол кеншінің жары болу өте қиын екенін айтты.

«Бұл үйге 1989 жылы кірдік. Ағаң шахтада істеп жүргенде берді. Осы шаңырақта балаларымыз ер жетті. Таза еңбек, маңдай термен алынған үй. Ауылға барғанда үлкен атамыз «менің балам жердің жеті қабатының астында. Ондай жүмысты ешкім істемейді» деп әр батасын бергенде аман-есен шықса екен деп тілеуін тілеп отыратын. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді ғой.

Жұмысқа кеткен сайын тілеуін тілеп, жанымды шүберекке түйіп отыратын едім. Келмей қала ма деп қорқатынмынмын. Қазір зейнетке шығып, бәрі жақсы болды. Бір қызығы шахтада апат, қайғылы жағдай болса Жәкем ешқашан айтпайтын. Ол туралы үйде әңгіме қозғамайды. Апат туралы бірінші дүкенде немесе көшеге шыққанда ұзынқұлақтан естиміз», — деді Несіпжан апа.

Жанайдар Тоқабеков зейнетке шыққан соң да жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеген. Бірақ бұл кейбір әріптестеріне ұнамағанын айтады.

«Пенсиядан кейін де шамалы уақыт істедім. Бірақ ол кейбір әріптестеріме ұнамады. «Пенсияға шыққан соң неге тыныш отырмайсыңдар, сендердің кесіріңнен біз зейнет жасына кеш шығамыз» деп айтқандар болды. Сондағы ойымыз текке отырғаннан жұмыс істеп, жастарды тәрбиелеу деген ой ғой. Ертеңгі күні жұмыс істейтін адам керек қой. Шүкір, өмір бойы шахтада жүріп біраз жасқа ағалық ақылымды айтып, шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде олардың біразы Арселорға өтті, табысты еңбек етіп жатыр. Көргенде амандасып, алғысын айтып жатады. Сол кезде мерейің өсіп қалады», — деді ол.

Сондай-ақ Жанайдар Тоқабеков кеншілер ұстанатын темірдей тәртіп туралы айтып берді.

«Күн сайын шахтаға атам үйретіп кеткен біссіміләмді айтып түсетінмін. Шынымды айтайын, кейде іштей дұғамды айтпай түскенде кішігірім апат болған кездер болды. Кеншілер әр жиынды «шахтаға түскен адам саны мен шыққан адам саны бірдей болсын» деген тілекпен бастайды. Бұл шахтаға аман түсіп, аман көтерілуді білдіреді. Кеншілердің өз ырымы бар. Мәселен шахтада бейсауат ысқыруға болмайды. Темекі тартуға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Ол үшін сотталып кетеді. Әр кеншіге бірінші күннен «қара басыңды ойлама, жанындағы жолдасыңды тастама» деп үйретеді. Жердің астында біраз нәрсені көрдік. Совет үкіметі құлдырағаннан кейін ақша мен тамақ тапшы болды. Сол кезде көп қазақ орыстың «ақ қойын» жеген кездер болды. Өйткені тамақ тапшы. Құнарлы тамақ жоқ болатын. Кейін қойдың құйрық майын жеуге көшті. Бұрын зиянды өнеркәсіпте істеген мамандарға сүт беретін. Қазір де бар. Кәсіби сырқаты үшін жәрдемақы береді. Негізі бұл салада пенсияға шыққаннан кейін көпке бармай марқұм болып кетіп жатыр. Көп жағдайда көмірдің шаңынан өкпе ауруынан кетіп жатыр», — дейді зейнеткер.

Салаға сіңірге еңбегі үшін Жанайдар Тоқабеков үш салалы «Шахтер даңқы» марапатына ие болған.

Кеншілер күні салада еңбектеніп жүргендер үшін басты мереке ғой. Жылда әр шахтада салтанатты жиын болатын. Қала бойынша тойланатын. Биыл концерт болмайды, бірақ кеншілер өздері тойлайды ғой. Кеншілердің кәсіподақтары бар. Қазір кәсіподақтардың айтарлықтай ықпалы бар деп ойламаймын. Аты бар екенін білемін. Өзім ешқашан бірдеңе сұрап барған емеспін. Зейнетке шығып кеткен соң бір рет ардагер деп шақырды. Содан кейін іздеген емес. Бірақ іздегеннен не пайда?, — деп күлді Жанайдар ағамыз.

https://halyq-uni.kz/aleumet/24559-kenshiler-kuni-birinshi-ret-toilanbady-sol-kezde-nazarbaevty-beker-renzhitti/

Comments (0)
Add Comment