Келіні алимент өндіру үшін бұрынғы енесін сотқа берген

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

2021 жылы 2019 және 2020 жылы туылған екі баланың анасының пайдасына бұрынғы жұбайының барлық табыс түрлерінің 1/3 бөлігі мөлшерінде оларды күтіп-бағуға алимент өндіру туралы сот бұйрығы шығарылған.

Алайда, 4 жыл бойы балалардың әкесі оларға материалдық көмек көрсетпей, алимент төлеуге 4 млн теңгеден астам қарыз болып қалған.

Сот шешімін орындау барысында жауапкердің ресми түрде жұмыс істемейтіні анықталып, оған қатысты жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру және Қазақстаннан шығуына шектеу қою туралы қаулылар шығарылған.

2024 жылы балалардың әкесі сот шешімін орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі бойынша 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Бұрынғы әйелі немерелерін асырау үшін әжесінен алимент өндіріп беру туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге мәжбүр болып, оның жұмыс орнын, оған қоса, қаржылық мүмкіндіктерін көрсеткен.

Немерелердің әжесі жалақысының төмендігін, банктер алдындағы несиелік міндеттемелерін, денсаулық жағдайын және асырауындағы екінші ұлының отбасын асырауға кететін шығынды атап өтіп, талап қоюмен келіспеген.

Балалардың әкесі жұмысқа орналасқанын және алимент төлеуге ниет білдіріп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Жеке сот орындаушысы ер адам қолданылған мәжбүрлеу шараларына жауап бермей жатқанын, алимент бойынша берешектің өсе түскенін атап өткен.

Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық соты істі қарап, келесіні атап көрсетті:

— әкесінің алимент төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін ұзақ уақыт бойы орындамауы әкенің осы міндеттерін ата-анасына ауыстыруға негіз болмайды;

— немерелерінің ата-анасы мүгедек болған немесе оларды асырайтын ата-ана болмаған жағдайда ғана немерелерін асырау әжесінің міндетіне жүктелуі мүмкін;

— бұл жағдайда балалардың ата-анасы еңбекке қабілетті.

Сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, балалардың анасына сот актісін тиісті түрде орындау үшін барлық шараларды қабылдауға қажетті құқықтарын, оның ішінде алимент төлеуден жалтарғаны үшін баланың әкесін қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін мәжбүрлеу сипатын және ол мұндай мүмкіндікті әлі жіберіп алмағанын түсіндірді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

фото: pixabay.com

https://turkystan.kz/article/252530-kelini-aliment-ondiru-ushin-buryngy-enesin-sotka-bergen

Comments (0)
Add Comment