Қоғамдық тәртіптің талапқа сай болуы – елдегі тұрақтылықтың кепілі екені анық. Ал құқық қорғау қызметкерлерінің қоғамда жағымды келбетін қалыптастыруда олардың киген киімі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы ең бірінші назарға ілінері белгілі. Осы талаптардың үдесінен шыға білген шенділер ғана өз міндетін мүлтіксіз атқарары сөзсіз.
Бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 түзеу мекемесінде жеке құрам қызметкерлерінің жазғы киім үлгісіне көшуіне байланысты саптық жиын өтті. Онда мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов сап түзеген ҚАЖ қызметкерлерінің сыртқы түр-сипатын, үлгілік киімін, қызметтік куәліктерінің және айырым белгілерінің талаптарға сай болуын тексерді. Сондай-ақ жеке құрам қызметкерлерінің ұқыптылығы мен жинақылығы, шаш үлгісі, киімінің мұнтаздай тазалығы басты назарға алынды.