ҚАЖ қызметкерлері сала ардагерін құттықтады

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан өшпес салтымыз. Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен даналығы – баға жетпес құндылық, олардың жетістіктері – жастарға үлгі.

Осы мақсатпен әлем халқы 1 қазанда Халықаралық қарттар күнін атап өтеді. Мерекеге орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекеменің бастығы, әділет подполковнигі Бекзат Ортаев, мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов және мекеме кадр бөлімінің бастығы, әділет лейтенанты Меруерт Манап сала ардагері Қаншакүл Есдәулетованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Жылы жүздесуде Бекзат Оразалыұлы аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, сондай-ақ тәлім-тәрбиесі бүгінгі жастарға қашанда үлгі болып қала беретінін атап өтті.

– Ең әуелі Сізді мерейлі мерекеңізбен құттықтаймыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз бүгінгі жас қызметкерлерге үлгі. Себебі, Сіздер егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қостыңыздар. Бүгінгі күнге дейін талай жасты тәрбиелеп, лайықты ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінгі таңда да тәжірибелеріңізді бөлісуден шаршамай келесіздер. Дендеріңіз сау болып, ортамызда аман-сау жүре беріңіздер, – деді Б.Ортаев.

Қ.Есдәулетова Қылмыстық-атқару жүйесі саласында табан аудармай 27 жыл қызмет атқарған. Бүгінгі таңда да ҚАЖД №25  мекемесінде еңбек етіп келе жатқан Қаншакүл Қасымханқызы жастарға өмірлік жолында көрген-білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден қашқан емес.

Comments (0)
Add Comment