ҚАЖ қызметкерлері Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды

Осыдан он төрт жыл бұрын 12 қараша күні Таразда қызметтік борышын орындау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов көз жұмған болатын. Ол террористі құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан еді.

Жыл сайын бұл күні Халық Қаһарманының жерлестері батырдың ерлігін еске алып, рухына тағзым етеді. Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Жаныбек Қосжанов, департамент бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Қайырбек Ильясов, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, ішкі істер органдарының ардагерлері мен бағынысты мекемелердің жеке құрамдарының қатысуымен дәстүрлі еске алу шарасы өтті.

Ғазиз Байтасов қауіпті лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапты. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Отан алдындағы ерекше қызметі, қызметтік борышын өтеудегі ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ал 2021 жылы «Жеңіс» саябағында полиция капитанының ескерткіші ашылды. Жанын аямай, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған осындай батырларымыздан жас ұрпақ үлгі алуға тиіс.

Митингке қатысушылар Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан басқа да полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Comments (0)
Add Comment