Қоғамда зор сілкініс әкелген Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге айрықша мән берілген болса, оның ішінде ежелгі ескерткіштер мен кесенелер, көне қорымдар мен киелі мекендердің халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін қалаудағы маңызы айрықша атап көрсетілді. Мұндай көне тарих іздері киелі Қордай жерінде де аз емес.
Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін қазақ жерінің әр пұшпағы тәрізді терістігінде жазира Бетпақдалаға, түстігінде қазақ-қырғыз тел емген Шу өзеніне тіреліп, 8,9 мың шаршы шақырым атырапты алып жатқан Қордай өңірі жаратылыстың небір құбылыстарын, адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерді. Қазақстан Ғылымдар Академиясының археологтар экспедициясының зерттеулері нәтижесінде, аудан аумағында алғашқы адамдар сонау тас ғасырынан (неолит дәуірі) бері жасап келгеніне болжам айтылады. Сол дәуірге тән таңбалы тастар, Сортөбе, Кішміш ауылдары жанындағы б.д.д. ІІ ғасырдағы сақтардың обалары, Қордай асуындағы көне қорғандар, Құлжабасы тауларындағы тастағы суреттер, Аңырақай даласы мен Жайсаңдағы тас мүсіндер, Ауқатты ауылының тұсынан сақ жауынгерінің бас киімі, V-VΙ және ΧΙ-ΧV ғасырларға тән ыдыс-аяқтар, тұрмыстық қолданыста болған заттардың табылуы осыған айғақ. Сонымен қатар, көне түркі жазуымен жазылған Ұзынсу жазуы деп аталатын Ұзынсу (Иірсу) өзенінің сол жағындағы тастағы «Орхон-Енисей», «Талас» жазуымен белгіленген 8 белгі мен 3 пиктограмма бар. Олардың біразы осы күндері Тараздағы және Бішкектегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы. Сондай-ақ, Отардың батысында 40 шақырым жерде Кіндіктас тауының Ойжайлау шатқалында қола дәуірінің жүз шақты атты адам, түйе, бұқа, арқарлар бейнеленген петроглифтері табылған. Майбұлақтан жарты шақырым қашықтықтағы Қызылсайға барар жолға дейінгі жер асты үңгірі, Масаншы ауылдық аймағындағы біздің дәуірімізге дейінгі ХΙ–ХІΙ ғасырларға тән бекініс орны, Жораз сайындағы тасқа салынған суреттер, Алмалы жақтағы екі бекініс, Майбұлақ жылғасының Шуға құяр тұсындағы ертедегі адамдар жерленген аумағы 150-200 метрлік ірі қорған бұл өңірде ертеде адамдардың тіршілік еткен эволюциялық өсу кезеңдерінен хабардар етеді. Ал, жалпы Қордай жерінде адамдар мекендеген ірі қоныстардан Георгиевск (Қордай) (ΧΙ-ΧΙΙ ғ.), Қысмышы (Кишмиши) (VΙΙ-ΙΧ ғ.), Сортөбе қалалары және төрт ауылдық мекендер орны анықталған екен.
Ортағасырлық Георгиевск (Қордай) қаласына келсек, ол Батыс пен Шығысты – Рум мен Қытайды жалғап жатқан Ұлы Жібек жолының бір тармағында орын тепкен ірі қоныстардың бірі болған. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Сейітжанұлы Қасенов «Ортағасырлық Георгиевск (Қордай) қаласы» деген зерттеу еңбегінде қазіргі аудан орталығы орналасқан жерде Χ-ΧΙΙ ғасырларда аты белгісіз (Георгиевск – шартты атауы) қала өмір сүргенін дәлелдеген болатын. Ол Шу өңірін бойлай салынған 60-қа жуық ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің бірі болыпты.
X-XII ғасырларда Қордай жері Қарахан мемлекетінің құрамында болғаны мәлім. Осы кезеңде Шу өңірінде көптеген қалалар мен мекендер салынды. Георгиевск (Қордай) қаласы да өркендеген ірі қалалардың қатарында құнарлы Шу өңірінде және тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан тез өркендеп, ірі мәдени және саяси орталыққа айналды. Ұлы Жібек жолымен қалаға керуендер үздіксіз келіп-кетіп жатты. Солтүстік-батысқа қарай жүрген жол Георгиевск (Қордай), Жаңатұрмыс, Қақпатас, Тастұмсық елді мекендерінен өтіп, Тасөткел өткеліне келгенде Шу жолының негізгі тармағына қосылған. Қордай қаласынан шығысқа шыққан керуендер Қордай асуымен Керімбай төбе (Ақтерек) арқылы Алмалық, Іле өңіріне, одан Қытайға асатын. Батыс бағытында Пішпек арқылы Меркі (VΙΙ-ΧΙΙ ғ.), Құлан (VΙΙΙ-ΧΙΙ ғ.) қалалары мен Таразға өтетін. Қалада керуендерге қызмет көрсететін керуен сарайлар салынып, өркениет елдерінің тауарлары мен мәдениетінің ықпалымен Χ-ΧΙΙ ғасырларда Қарахан және одан кейінгі Қарақытайлар (қидандар) мемлекетінің құрамындағы үлкен орталықтардың біріне айналды. 1217 жылы Шыңғысхан әскері келгенде Шу өңірінің қалалары еш қарсылықсыз берілді. Бірақ біртіндеп өзінің өмір сүруін тоқтата бастады. Қордай қаласының халқы да билеушілер тарапынан жалғасқан өзара қырқысқа байланысты ұдайы қырғынға ұшырай беріп, ақыры жұрт қаланы тастап кетті. Сөйтіп, қала ΧΙΙΙ ғасырда өмір сүруін тоқтатты.
Бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, «Археология» оқу-ғылыми зертханасының қызметкері, тарих ғылымының кандидаты М. Қасеновтың зерттеуінше қаланың жобасы орта ғасырлық қалаларға тән болды. Айнала биік қамалдың сыртын су толтырылған терең ор қоршап жатқан. Қала ішінде керуен сарай, әкімшілік ғимараты, монша, әртүрлі шеберханалар болған. Қала орнын археолог Ю.Г. Платонов жетекшілік еткен жас өлкетанушылар алғаш рет 1937 жылы аршып зерттеді. ҚазМу-дың профессоры Мадияр Елеуовтың археологиялық отряды 1982 жылы бекініс орнын тазалап, мұнараны қазып, зерттеді. Кеңес дәуірінде көне қала маңынан кірпіш зауыты салынып, топырақты осы қаланың мәдени қабатынан, бекініс қабатынан алуынан қала орнының жартысын жойып жіберген. Қалған жартысын жергілікті тұрғындар қоқыс төгетін орынға айналдырған. Сөйтіп, мың жылдық тарихы бар Георгиевск (Қордай) қаласы тарихта дерегі ғана қалып, заттық белгілері өше бастаған еді.
Елбасының көне ескерткіштер мен киелі орындарды тарихи құндылықтар ретінде ұлттық код жасауға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне негіздеу талаптарына орай, облыс әкімдігінің тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұйымдастыруымен өткен жазда көне қала орнында қазба жұмыстары жалғасын тапты. Тарих ғылымдарының докторы, «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ЖШС директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археология, этнография және музей ісі кафедрасының профессоры, доцент Мадияр Елеуов бастаған археологтар тобы шілде, тамыз айларында көне қала орнында бірнеше тарихи нысандарды анықтап, жәдігерлерді тапты. Мадияр Елеуовтың елімізде археология ғылымының дамуына, археолог мамандарды дайындауға қырық жылдан астам өз үлесін қосып жүрген білікті ұстаз екенін айта кеткен жөн. Ол жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген 300-ден аса ортағасырлық елдімекендер мен үлкенді-кішілі қалалардың орны ашылып, ғылыми айналымға енген. Ғалымның зерттеулерінің нәтижесінде, орта ғасырдағы Сыр өзенінің орта, төменгі ағыстары, Қаратау мен Талас-Шу өңірлері арқылы өткен бірқатар керуен жолдарының бағыттары анықталып, олардың Ұлы Жібек жолымен байланысы белгілі болды. 400-дей ғылыми мақалалары мен 4 монографиялық еңбектер жазған ғалымға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген.
Осы жолғы археологиялық қазба нәтижесінде қыш құмыра, шырағдан, керамика ыдыстардың сынықтары, жүзден аса қой асықтары, тіпті, топырақ астынан астық сақтайтын ұра, керамика күйдіретін және тандыр пеш аршылып алынды. Жәдігерлердің бір бөлігі жергілікті өлкетану мұражайына беріліп, жауын-шашынның әсерінен бүлінбес үшін қазба орны үстінен шатырлап жабылып, жан-жағы бекітілді. Ал енді бұл жердің айналасынан да бірнеше осындай төбешікке айналған көне құрылыс орындары байқалады.
Жергілікті тарихи өлкетану музейінің теңгеріміне алынған, жалпы аумағы екі-үш гектардан аспайтын көне қалашық аудан орталығындағы № 51 орта мектептің шығыс тұсында орналасқан. Бұл жер ортағасырлық қала орны ретінде Қордай ауданы бойынша әзірленген туристік маршруттың жобасына енгізілген екен. Бірақ, қазіргі қалпында туристерге көрсетерлік халде емес. Шеткі көшенің үйлері, қора-қопсылары қол созымда тиіп тұр.Төбешіктердің әр жерінен құрылысқа топырақ қазып алынған орындары үңірейіп көрінеді. Тіпті, экскаватор шөмішінің іздерін де байқау қиын емес. Оған қоса, айналада өртенген күл-қоқыстар жайрап жатыр.
Қордай жеріндегі ортағасырлық көне мұралардың тағы бірі – Сортөбе ауылдық округіндегі кірпіш күйдіретін пешті ғалымдар осыдан екі жыл бұрын ғана анықтап, ғылыми айналымға енгізді. Қарақоңыз өзенінің Шу өзеніне келіп құятын сағасында Сеңгір аталатын ұланғайыр жеміс бағы болатын. Жылдар өткен сайын ол жердің ағаштары аяусыз жұлынып, орны тегістеліп, егістікке айналып барады. Отыз жыл бұрын су қоймасының салынып, өзен суы басынан байлануына байланысты, Қарақоңыз өзенінің табаны да қазір тастақты тақырға айналған. Міне, сол Сеңгірдің бұрынғы өзен жағасында айналасында күйген кірпіш қалдықтары шашылып жатқан төбешік болушы еді, соны археологтар 2015 жылы қазып байқағанда кірпіш күйдіретін көне өндіріс орны табылған. Осындай ежелгі және ортағасырлық пештердің дені су көздеріне жақын жерден салынатын болған. Өйткені, саз шикізатын алу мен оны араластырып илейтін судың да жақын болуын сол кездегі көзешілер де дұрыс болжаса керек.
Қазба жұмысына қатысқан Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Ералы Ақымбектің сипаттамасына қарағанда пештің батыс бөлігін өзен суы толығымен шайып кетсе, қалған бөлігінің топырағы техниканың көмегімен алынып, ескерткіштің шығыс жағындағы егіс алқабына тыңайтқыш ретінде қолданылған. Өйткені, топырақ алынған шығыс бөлігінен пақса (соқпа саз) мен қам кірпіштен қаланған қабырғалары техника шөміші тісінің орындарынан көрінеді. Бүгінгі күнге аман жеткені ұзындығы – алты, ені – үш, биіктігі де үш метрдей жартылай төбешіктің астынан аршып алынған пештің оттық камерасы, оның да шығыс қабырғасының төрт аркалы негізі ғана. Аркалы күмбездер арасын ауа жүретін қуыстар бөліп тұрғаны анық көрінеді. Пеш қабырғасын жоғары температурада балқыған екі сантиметрдей қара жасыл түсті шлак жапқандығы оның ұзақ уақыт пайдаланылғанының дәлелі. Оттық камерасының табанында қалыңдығы 10-15 сантиметр күл қабаты қатталған. Пештің оттық камерасының оңтүстік беті сыланбаған. Кірпіштер негізінен жалпағынан қаланса, жарты метр биіктікте бір қатар кірпіш қаландысы тігінен, сәл ғана қиғаш етіп қаланғаны анық байқалады. Пешке қазба жүргізу кезінде маңайынан жинап алынған қыш кірпіштердің өлшемі 14,5 — 15 х 4,5 — 5 сантиметр көлемінде болған. Сонымен қатар, керамика сынықтары да табылған. Оның құрамы слюда және қызғылт түсті құм араластырылып, жақсы иленіп, арнайы шырақта жасалған. Саусақ ізі түскен жерін бойлай сынған қыш бұйымның күйдірілуі бірқалыпты. Бұдан ХII-XIII ғасырларға тән бұл пеште қыш кірпіштермен қатар керамика бұйымдары да күйдірілген бірегей өндіріс жұмыс істеген деген ой түюге болады.
Сортөбедегі пешті ғалымдар еліміздегі көне Сарайшық, Отырар, Құйрықтөбе және Жайық қалаларынан табылған ортағасырлық кірпіш күйдіретін пештердің қатарына жатқызады. Бірақ, көне заманнан жеткен бұл мұраның қазіргі ахуалы алаңдатады. Бұған дейін топырақ жапқан төбешік астында сақталып келген болса, археологиялық қазба кезінде аршылған пештің қалдығы жаңбыр мен желдің өтінде уақыт өткен сайын мүжіліп барады. Көне ескерткіштерді қорғау талабымен Қордай қалашығындағы қазба орнындағы тәрізді оның да үстіне шатырлап қалқа тұрғызып, болашаққа аманаттау парыз.
Құрманбек Әлімжан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі