Жуық арада күн суытып, соған сәйкес жылыту маусымының да басталатыны белгілі. Бұл ретте ауданымыздағы әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім ошақтарының кез келген төтенше жағдайға әзір болуы аса маңызды.
Өйткені бұған дейін де қытымыр қыста табиғат тосын мінез танытып, аудан тұрғындары мен жолаушыларды әбден әбігерге салғанын көрдік. Сондықтан да сақтық шараларына алдын ала қамданған дұрыс. Осыны ескере отырып, бүгін Шу қаласы мен ауылдық округтердегі мектептердің жылу қазандықтарын аралап, қазіргі ахуалдарын көзбен көріп шықтық.
Мәселен, аудан орталығындағы әл-Фараби, Бірлік ауылындағы М.Дулати, Жаңа жол ауылындағы Б.Момышұлы, Белбасар ауылындағы Ш.Уалиханов және қаладағы №40 мектептің қазандықтарын аралап, жылыту маусымындағы дайындықтарын байқадық. Оған қоса, газбен жұмыс істейтін пештерді іске қосу, қатты отынның қорына қатысты мәселелерді де жан-жақты талқылап, жауапты тұлғаларға олқылықтарды уақыт оздырмай ретке келтіру жүктелді.