Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқарады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу мерзімі кезең-кезеңімен қысқаратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғары білім беру жүйесінде икемді және гибридті оқыту форматтары да енгізіледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналистер министрден технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайда жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі 4-5 жылдық оқу мерзімін қысқарту мәселесін сұрады.

Саясат Нұрбек 2022 жылы мемлекеттік білім беру стандарты өзгертіліп, университеттерге оқу бағдарламаларын өз қажеттілігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік берілгенін айтты. Қазір жоғары оқу орындары білім беру мазмұнының 92 пайызына дейін өздері анықтай алады. Оның ішінде оқу мерзімін өзгерту мүмкіндігі де қарастырылған.

Министр Нархоз университетіндегі пилоттық жобаны мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, оқу орнында бакалавриат бағдарламаларының мерзімі 2,5-3 жылға дейін қысқартылған.

Саясат Нұрбектің сөзінше, университеттер оқу мерзімін қайта қарау бағытында жұмыс істеп жатыр. Әсіресе жасанды интеллект саласында білім мазмұны тез өзгеретіндіктен, кейбір мамандықтар бойынша төрт жыл оқу ұзақ болуы мүмкін.

«Университет оқу мерзімдерімен де біртіндеп «жұмыс істей» бастады, төрт жыл оқу тым ұзақ болатын белгілі бір мамандықтар бойынша эксперимент жасап жатыр, өйткені ЖИ (жасанды интеллект) саласында мазмұн шынымен де өте тез өзгереді», – деп түсіндірді ол Үкіметте өткен брифингте.

Сонымен қатар министр колледж бен жоғары білімді біріктіретін қысқартылған оқу форматы – қолданбалы бакалавриатты енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

«Біз қазір жоғары колледждермен де осындай пилоттық форматты іске қосамыз, сонда бала мектептен кейін колледжге түсіп, қолданбалы форматта өте тар бағыттағы мамандық алып шығады, бірақ бұл қазірдің өзінде бакалавриат деңгейі болады», – деді Нұрбек.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін қысқарту жалғаса береді. Сонымен бірге жоғары білім беру жүйесінде икемді және гибридті оқыту форматтары кеңейтіледі.

«Оқу мерзімдері қысқарады, жаңа, анағұрлым икемді, гибридті форматтар пайда болады – біз бұл үшін нормативтік базаны дайындап қойдық. Пилоттық жобаларды сынақтан өткіздік, негізінен, жұмыс істеп тұр», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, қолданбалы бакалавриаттың қысқартылған форматын енгізу туралы ұсыныс алғаш рет 2022 жылы айтылған. Сол кезде бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда оқу мерзімі 2,5 жыл болатын қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы іске қосылатынын мәлімдеген еді.

kznews.kz.

фото: express.co.uk

Comments (0)
Add Comment