Қазақстанда дәрігердің қабылдауына Telegram арқылы жазылуға болады

eGov.kz порталы Telegram-бот арқылы жаңа үш қызметті ұсынады, деп мәлімдеді «Ұлттық ақпарат технологиялары» АҚ баспасөз қызметі.

«Ұлттық ақпарат технологиялары» АҚ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің @EgovKzBot Telegram-боты арқылы үш қызметтің іске қосылатыны туралы мәлімдейді. Енді бот арқылы азаматтар емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу және үйге дәрігер шақыру мүмкіндігіне ие», — делінген хабарламада.

Қызметтерге қол жеткізу үшін «Мобильдік азаматтар базасына» тіркелу, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетке телефон нөміріңізді жазу қажет. Сосын өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қоссаңыз жетіп жатыр.

Одан әрі алдын ала белгіленген командаларды жіберу және SMS-кодпен растау арқылы анықтамаларды және сервистер туралы ақпарат сұрауға, оларды пайдаланушының электронды поштасына жіберуге болады.

Қазіргі кезде Telegram-ботқа 8218 адам тіркелген, олар бот іске қосылғалы 8517 сауал жолдап үлгерген.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment