«Қазақстан» шахтасында екінші адамның денесі табылды

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында тағы бір жұмысшының денесі табылды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Шахтада авариялық-құтқару жұмыстары түнімен жүргізілді. Сағат 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір мәйітті беру шаралары жүріп жатыр.

Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша 4 бөлімше жұмыс істеуде, олар авариялық өндірістен температураны түсірумен айналысып жатыр. Қалған жұмысшыларды іздеп-табу үшін тағы 3 бөлімше тау-кен шығарындыларын тексеруге жұмылдырылған. Жұмысшыларымызды жедел іздеп-табуға барлық шара қабылданып жатыр», – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

Еске салсақ, «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.

5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін 2 адамның денесі табылғаны туралы хабарланды. Артынша екеу емес, бір жұмысшының денесі табылғаны айтылды. Себебі мәйіт табылған жерге екі жақтан екі іздестіру тобы барған. Әрқайсысы өз есебін жібергендіктен, бір емес, екі мәйіт табылғаны туралы қате ақпарат тарап кеткен.

Қазір қалған 3 адамды іздестіру жалғасып жатыр.

Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Comments (0)
Add Comment