Қазақстан мен Әзербайжан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер екі елдің сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңілдері толатынын мәлімдеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы ынтымақтастық ерекше рөл атқаратынына назар аударды.

«Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзербайжан Президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзербайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр. Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның іске қосылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланыстарды жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Астанаға шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.

«Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз», – деді Әзербайжан президенті.

https://turkystan.kz/article/219486-kazakstan-men-ezerbayzhan-prezidentteri-keneytilgen-kuramda-kelissoz-zhurgizdi/

Comments (0)
Add Comment