Қайрат Нұртас, Қарақат Әбілдина, Ибрагим Ескендір «Денсаулық елшісі» атанды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің белгілі спортшылары, әншілері және актерлерімен кездесті. Жүздесу барысында оларға «Денсаулық елшісі» атағы берілді.

«Жақында Елбасы өз Жолдауында бүгінде халықты мазалап отырған ең басты мәселе денсаулық сақтау саласы мен медициналық қызметтің сапасы екендігін атап өткен болатын. Әрине, біздің медицина саламызда мәселе көп. Бірақ, әр адам денсаулығының 50 пайызы  оның салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақта «Ауырып ем іздегенше,  ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан біздің министрліктің стратегиясында аурулардың алдын алу айрықша басымдыққа ие бағыт», — деді ол кездесу барысында.

Сонымен қатар Елжан Біртанов соңғы жылдары  елімізде спортпен айналысып, дұрыс тамақтануға ден қойған халықтың үлесі де артып келе жатқанын баса айтты.

«Осы орайда біз бұл жұмыстарға есімі елге танымал азаматтарды да тартқымыз келеді. Халық сыйлайтын, құрметтейтін сіздермен бірге жұмыс істеу ойымызда бар. Ұсынымызды қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Денсаулық елшілері — өнер, спорт, эстрада әлемінің  белгілі тұлғалары өз қызметтері аясында салауатты өмір салтын қалыптастыруға елеуіл үлес қоса алады», — деді министр.

Сонымен еліміздің ең алғашқы «Денсаулық елшісі» атағы әнші,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаға, актер Нұрлан Әлімжановқа, әнші Қайрат Нұртасқа, әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендірге берілді.

«Әрбір пенде дені сау ұрпақ тілейді. Өкінішке орай, қарагөз балаларымыздың арасында ауыр науқасқа, жазылмас дертке шалдыққандары да бар. Бұл дегеніңіз жүктілік кезде орын алған қателіктердің салдары деген сөз. Яғни, сәбиді жарық дүниеге әкелер ананың денсаулығының нашарлауымен байланысты. Жалпы, болашақ ананың алдын ала дайындық жүргізбеуі, денсаулығына енжар қарауы  нәтижесінде кінәраты бар балалар дүниеге келіп жатыр. Бұл дабыл қағатын мәселе. Сондықтан  дүниеге сәби әкелуді армандап жүрген аналар ең алдымен өздерінің денсаулығын күткені дұрыс. Сонда бізде мұндай проблема болмас еді», — деді министрмен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қарақат Әбілдина.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment