Қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуы ғасырлар бойы көптеген әлеуметтік, мәдени, экономикалық өзгерістерге байланысты түрлі кезеңдерді басынан өткізді. Тілдің әр аймақта өзіндік ерекшеліктері болуы табиғи құбылыс болса да, соңғы уақытта әлеуметтік желіде, сонымен қатар қоғамда да тілдің қолданылуы мен нормалары туралы талқылар жиі көтеріліп жатыр. Осыған орай, журналист Нұрбек Бекбау өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында Оңтүстік Қазақстан өңірінде тілдің қысқартылып, бұзылуына қатысты пікір білдірген еді. Ол жазбасында: « Оңтүстікте сөзді қысқартып, тілді бұзады. Қай жаққа,-деудің орнына “қаяққа” дей салады,-деп жазғыратындар бар. Иә! Шымкент, Тараз, Қызылорда жұртында сөз қысқарту деген бар. Балалар деп созып отырмай балдар,-дейді. Қай жақ емес, қаяқ,- дейді. НЕГЕ?»
Нұрбек Бекбау бұл құбылысты тілдің бейімделуі мен сауда-саттықтағы қажеттіліктермен байланыстырады. Оның ойынша, тілді тез және қысқа айту қажеттілігі бизнес орталарында пайда болғандықтан, ол сөздерді ықшамдау үрдісі табиғи процесс ретінде қабылдануы тиіс.
«Тіл бизнестік ортаға түскенде ықшамдалып, нақ күйге түседі. Өйткені саудада уақыт тапшы. Мәселе шұғыл-жылдам талқыланып, тез арада шешімі шығуы керек. Содан кеп, біз сөздерді қысқартамыз. Қалалық тіл — далалық тілден сонысымен аздап өзгешеленеді. (Меніңше, өзбек тілі — қыпшақтың тілінің қалаға бейімделген, сауда-саттыққа ықшамдалған түрі,-деп ойлаймын.)»- дейді ол өз жазбасында.
Бұл пікірге филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институтында бөлім меңгерушісі Орынай Сағынғалиқызы да өз жауабын берді. Оның айтуынша, «қаяқ», «ояқ», «бұяқ» секілді сөздердің қолданылуы — бұл тек Оңтүстік өңірге тән емес, жалпы қазақ тілінде айтылу нормасы ретінде қалыптасқан. Оның пікірінше, сөздердің қысқартылуы мен айтылуы туралы нормалардың әртүрлі болатыны — тілдің табиғатының бір бөлігі.
“Қаяқ, ояқ, бұяқ” дегендер қысқартқанға жатпайды. Ол белгілі бір өңірге тән нәрсе емес, ол — айтылудағы норма. Керісінше, “қай жақ, келе жатыр” деп айтатын болсақ, ол — айтылу нормасындағы қате. Айтылу нормасы мен жазылу нормасы деген болады. Айтылу нормасын сақтайтын болсақ, “келятр, баратыр, жазватр” деп айтуымыз керек. Бізде қазір айтылудағы норма мүлдем бұзылып жатыр. Біз не жазылып тұр, сол күйінше оқып жүрміз. “Бара жатыр, келе жатыр, жазып жатыр” деп оқуымыз — дұрыс емес. Бұл — сөздерді қысқарту емес, керісінше айтылудағы біздің нормамыз.
Кезінде “бұл жыл” деген сөз, айтылудағы нормаға сәйкес “биыл” деп әдеби тілімізге кірді. Сол секілді айтылудағы норма, кейде жазылудағы нормаға кіріккен сөз ретінде енетін әсері бар. Бірақ бағанағыдай басқа да сөздер әдеби тілге кіреді деп тұрған жоқпын. Ол қысқартуға жатпайды. Айтылғанда басқа болса, жазғанда таратып жазу қажет. Мысалы, “барсакен, келсекен” деп айту қажет. Жазғанда “барса екен, келсе екен” деп жазу керек. Бізде қысқарту деген “алып бар” деудің орнына “апар” деп қолданылады. Ол әдеби тілде де бар. Қазір сингормонизм толық сақталмай жатыр. “Келе ма, кіре ма” деп сөйлеп жатады. Негізінде “келе ме, бара ма”. Осыны жастар да, үлкендер де дұрыс сөйлемейді. Кейбір әншілеріміз де әндерде дұрыс сөйлемейді. Сондай әдемі әндер, айтылудағы норманы, сингормонизмді сақтамағаннан кейін оның сиқы бұзылып, тіпті тыңдағың да келмейді. Әншілер, БАҚ өкілдері жазылу мен айтылу нормасын сақтауы қажет деп ойлаймын. Кейбір дикторлар суфлерда не жазылып тұр, сол күйінше оқиды. Мектеп жасынан бастап біз айтылу мен жазылу нормасын үйретуіміз қажет. Ал қазір “ояқ, бұяқ” дегендерді дұрыс сөйлеп жатқан жоқ деп айыптап жатады. Жазба тілі қалыптаспай тұрып, ауызекі тілде, мысалы әжелеріміз ол жақ, бұл жақ деп жатпайтын, “ояқ, бұяқты аралап келдім” дейтін. Әжелеріміз дұрыс сөйлейтін. Халел Дұсмұхамедұлының пайымы орынды. “Тілді оқығандар бұзады” деген. Сол сауаты ашық азаматтар жазылып тұрған нәрседен арылғысы келмейді де.»
Демек, тілді сақтап қалу мен дамытуда бізге тек әдеби тіл мен жазба нормаларын сақтау ғана емес, ауызекі тілдің байлығын да қадірлеу маңызды. Әсіресе, қазіргі жас ұрпаққа ауызекі тілдің дұрыс қолданылуын, айтылу нормаларын үйрету өте өзекті. Өйткені тіл — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық мәдениеттің де негізі.
Олжас Әбдіхалық
фото ақпарат: