Ең алдымен, артық салмақтың себебімен күресу керек. Астана медицина университеті Академик Е.Д.Даленов атындағы ПМ ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген арықтап жүрген азаматтарға кеңес берді.
Арықтауға ең тиімді ай — жаз айлары. Егер арықтағыңыз келсе жаз айларында кіріскеніңіз жөн. Қыста адамға көп калория қажет, сондықтан оны көп тұтынуымыз керек. Көктем кезінде ағзаға жақсы иммунитет керек, ол үшін сол кезеңде қажетті дәрумендерді қолданған дұрыс. Алайда, көктемде диета ұстауға болмайды. Онымен қоса, күзде де диета ұстап керегі жоқ, себебі ағзаны қысқа дайындау керек.
— Арықтағымыз келсе ең алдымен, дәрігерлерге қаралуымыз керек пе?
Біріншіден, артық салмақтың себебін анықтау керек. Егер семірудің себебі көп тамақ жеу болса, онда тамақ көлемін азайту керек. Ал, ағзада қандай да ақаулар бар болса, ондай жағдайда диета ұстауға болмайды. Мәселен, гормон бұзылыстары болуы мүмкін немесе бір дәруменнің түрі жетіспеуі мүмкін… Мұндай жағдай болса бұл бұзылыстарды емдеп қана барып, арықтауға көшуге тиіс.
— Іштегі қарын — үлкен мәселе. Мұны қалай тез кетіруге болады?
Ер адамдарға үйде жайдан-жай жата беруге болмайды. Олардың өмірінде міндетті түрде физикалық жүктеме болуға тиіс. Әркез қозғалыста болып, спортпен шұғылдануы керек. Сонымен бірге күніне 10 мың қадамнан артық жүру керек деп кеңес беремін. Әйел адамдарға ішті кетірудің жолы — вакуум жаттығуы. Аш қарынға жасалатын жаттығу әйел адамдардың іштегі артық салмағын өте оңай кетіреді.
— Жалпы, табиғатынан ерлер тез арықтай ма, әлде әйелдер ме?
Әйелдерге қарағанда ерлер тез арықтай алады, алайда ер адамдар (біздің менталитетте) көп қозғалмай, жата беруді шығарған. Дегенмен ерлер көп мөлшерде тамақ жеп жүріп те, артық салмақтан арыла алады. Ал, әйел адамға келсек, шамалы күрделі болмақ. Олар ең алдымен, гормонды бұзылыстарын түзеп, дәрумендер қабылдап, дефициттерді толықтыру керек.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Еске сала кетсек, бұған дейін Жанна Нұрбергенқызы елімізде уақыт ауысса оған адам қанша күнде бейімделетінін айтқан болатын.
BAQ.KZ тілшісі.