Қауіпсіз қоғам – тұрақтылық кепілі

Таразда облыстық прокуратураның үйлестіруімен «Құқық бұзушылықтар превенциясы» атты форум өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің басшылары мен пробация қызметінің өкілдері қатысты.

Басқосуда аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы қылмыстың алдын алу тұрақты және қауіпсіз болашақтың кепілі екенін баса айтты. Ол өз сөзінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатының төмен болуы екенін жеткізді.
– Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, тұрақты табыстың болмауы, жастар арасында бос уақытты тиімді ұйымдастыру жүйесінің жеткіліксіздігі, білім беру мен тәрбие жұмыстарының әлсіздігі, отбасылық бақылаудың азаюы сияқты мәселелер бұл жағдайды ушықтырып отыр. Бұл ретте кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуда кешенді әрі үйлесімді тәсіл қажет. Осы орайда жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, әлеуметтік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және аудан әкімдері мен аудандық қоғамдық кеңестердің бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаруға тиіс. Ең алдымен біз әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетуіміз қажет. Олармен тікелей жұмыс істеп, тұрақты түрде мониторинг жүргізу, жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық кеңес беру, бейімдеу шараларын ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі. Мектептер мен колледждерде құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар арасында патриоттық тәрбие мен қоғамдық жауапкершілікті күшейту, діни экстремизм мен радикалды көзқарастардың алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет. Сондай-ақ тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың өтініштеріне жедел әрекет ету жергілікті басқару органдарының күнделікті жұмыс тәртібіне айналуға тиіс, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жергілікті жерлерде тұрғындармен тығыз байланыс орнату – аса маңызды екеніне тоқталды.
– Бұл жұмыста ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полицейлердің рөлі ерекше. Сол себепті Мемлекет басшысы учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Рас, бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар. Бұл ретте агрессорларды жедел және тиісті жауапқа тарту – ең басты міндеттердің бірі. Сондықтан бұл қылмыстарды тергеудің жеделдігін арттыру үшін меморандум жасалды. Оның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және сараптамаларды қысқа мерзімді алу тәжірибесін енгізу. Былайша айтқанда, бір тәуліктің ішінде тергеуді аяқтап, шешімін шығару. Бұл – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төмендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деді Нұрғалым Мәжитұлы.
Ал «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін орнату мен қоғамда қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту мақсатында қолға алынған өте маңызды бастама екенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл бағытта бірнеше жылдан бері облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты Жол картасы аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Қауіпсіздік сағаты», «Жасыл сертификат» пен «Салауатты сана» жобалары іске асырылуда. Келер жылы Тараз қаласында республикалық деңгейде аналар форумын өткізу жоспарлануда, – деді Эльмира Иниятқызы.
Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев түзеу мекемесінің аумағында жаңа тігін цехының жұмысымен танысқанын, мұндай өндірістік кәсіпорындар өзге де түзеу мекемелерінде ашылуға тиіс екенін баса айтты.
– Бұл жазасын өтеуші азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне оң әсерін тигізеді деп есептеймін. Өз тарапымыздан мұндай бастамаларды қолдауға және қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде заманауи цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігі де ерекше атап өтілуі қажет. Бұл – алдын алу шараларын күшейтудің және тиімділікті арттырудың маңызды құралы. Сонымен қатар облыс прокуратурасымен бірлесіп кәсіптік оқыту саласында анықталған проблемалық мәселелердің алдағы уақытта қайталанбауы үшін білім басқармасы тарапынан ерекше бақылау орнатылуға тиіс. Алдын алу шаралары тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, бұл бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз қажет. Осыған орай мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктіру – аса маңызды. Тек бірлескен жұмыс арқылы біз барлық азаматтар үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыра аламыз, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, өткен жылдың маусым айынан бастап облыста «Сотталғандардың аймақтық криминализациялауға әсерін азайту» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу, облыстық ҚАЖ мекемелерін оңтайландыру, сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін ұлғайту және қоғамға қайта бейімдеу. Жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайталама құқық бұзушылықтар саны 18 пайызға төмендеген.
Сонымен қатар өңірдегі криминогендік жағдайды жақсарту, кейбір қылмыстардың өсу факторлары мен оларды болдырмау бойынша мекемеаралық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 20,5, көшедегі қылмыс – 18,6, жасөспірімдер қатысуымен жасалған қылмыс – 35, сондай-ақ бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс – 23,1, мас күйде жасалған қылмыс – 9,1 және топпен жасалған қылмыс 27,6 пайызға азайған.

Comments (0)
Add Comment