Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын құрамда келіссөз өткізді

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылық білдіріп, осы мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қатынастарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен ықпалдастықтың мазмұнына жоғары баға берді, сондай-ақ, келіссөздердің күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша жемісті пікір алмасатынын айтты.

– Менің міндетім байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын. Кеше саяси, тарихи, мәдени, гуманитарлық сияқты бірқатар мәселеге қатысты алдын ала пікір алмастық және осы тұрғыдан халықтарымызға ортақ көп дүние бар деген түсінікке келдік. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екенін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-Министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының басшысы қазақстандық тарапқа екіжақты байланыстардың нығаюына тың серпін берген Қазақстандағы Өзбекстан жылын табысты өткізгені үшін ризашылық білдіріп, атап өтті.

Жоғары дәрежеде өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

akorda.kz

Comments (0)
Add Comment