Қаржы ұлғайды, қарым ше?

Биыл 650 мың студент жасанды ин­теллект бойынша арнайы курстардан өтеді, ал екінші кезеңде 100 мың студент Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас техни­калық директоры Пол Киммен бірлесіп дайындалған курстарды оқиды.

Меже – ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізу

Кейінгі 6 жылда ғылымды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 млрд теңгеге жеткен. 2024-2026 жылдардағы ғылымға бөлінген бюджет те алдыңғы үш жылдағыға қарағанда 9 пайызға көп.
Үкіметтің мәліметінше, биыл ғылымды дамытуға 194 мил­лиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 72 миллиарды ғылыми орталықтарды қолдауға бағытталмақ. Сондай-ақ ғы­лыми-зерттеу жобаларына гранттар бөлінеді, ал 23 миллиард тең­ге әзірлемелерді коммерцияландыруға жұмсалады. Алдағы жоспарлар да айқындалған. Премьер-Министрдің мә­лімдеуінше, Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұ­жырымдамасы аясында саланы қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін ұлғайтылмақ.

Жалпы, еліміздің ғылымды қар­жы­­­­­ландыру бойынша көрсет­кіш­тері аса жақсы емес. Деректерге сәй­кес, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық талдамаларға ең көп қар­жы жұмсайтын бес ел әлемнің ең ірі эко­номикалары саналады. Санамалап айт­сақ, АҚШ, одан кейін Қытай, Жапония, Гер­мания және Корея Республикасы.
Алайда қаржыландырудың ұлғаюы ғы­лымның нақты экономикаға ық­па­лын арттыра ма? Бұл сұрақ әлі де ашық күй­де қалып отыр. Себебі ғылым мен биз­нестің өзара әрекеттестігі әлсіз, ал же­ке сектордың ғылыми зерттеулерге инвестиция салу белсенділігі төмен.
2022 жылғы Ғылым туралы ұлттық баян­даманың деректеріне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстан Республикасында ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық талдамаларға жұмсал­ған шығындардың 89-дан 109,3 млрд тең­геге дейін өскені байқалған. Алайда шы­ғындардың 20 млрд теңгеден аса ар­туы есепті жылы 0,13 пайыз деңгейінде қал­ған ЖІӨ-нің ғылыми сыйым­ды­лы­ғы­на әсер етпеген.
Баяндама авторлары – ғалымдардың тү­сіндіруінше, бұл, ең алдымен, ғалым­дар шығаратын ғылыми өнім көлемінің – жаңа білімнің өте төмен деңгейде қалуы­на байланысты болып отыр. Се­бебі бұл білімді экономикалық қызмет түр­лерінде, өндірісте пайдалану мүм­кін­дігі әзірге жоқ болғандықтан, оған деген сұ­раныс төмен.
– Мәселен, 2021 жылы шығындардың 82 пайызы адамның, қоғамның, табиғи ор­таның құрылымының, қызмет етуінің және дамуының негізгі заңдылықтары ту­ралы жаңа білім алуға бағытталған зер­т­теулерге немесе практикалық мақ­сат­­­тарға және нақты мәселелерді шешу­ге, яғни іргелі және қолданбалы зерт­теу­лер­ге арналған жаңа білімдерге қол жет­­кізу үшін қолдану мүмкіндіктерін зерт­теуге жұмсалды. Жаңа материал­дар­ды, өнімдерді, процестерді, құрылғы­лар­ды, қызметтерді, жүйелерді немесе әдіс­­­­­терді жасау және оларды одан әрі же­тілдіру бойынша тәжірибелік-конс­трукторлық әзірлемелерге тек 18 пайыз жұмсалған, – деп жазылған құжатта.
Ғалымдар ғылыми жетістіктерді іс жү­зінде пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде, ғылымға инвестиция салудың қажеттілігі мен пайдасына кәсіпкерлерді сендіру қиын екенін айтады.

Экономикаға – 118 млрд теңге үлес

Яғни, қаржы бөлген өз алдына, оның қайтарымы, яғни нәтижесі жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылады.
Министрлік бұл тұрғыда илгерілеу бары­на сендіреді. 2016 жылдан бастап ғы­лыми жобаларды нарыққа шығару мақ­­сатында арнайы конкурстар ұйым­дастырылып, зерттеу нәтижелерін ком­мерциялық өнімге айналдыруға жағдай жасалыпты. Министр Саясат Нұрбек кейінгі үш жылда бұл үрдіс тоқырауға ұшы­­рағанын, коммерцияландыруға қар­жыландыру да, бірлесіп қаржыландыру да мүлде бөлінбегенін айтты.
Дегенмен қазір бұл жұмыс қайта жан­дандырылып, коммерцияландыру гранттарының көлемі ұлғайтылған. Со­ның нәтижесінде ғылыми жобалардың экономикаға қосқан үлесі 118,4 млрд тең­геге жетіпті. Коммерцияландыру кон­­­­курстары аясында барлығы 2 148 өті­нім қабылданып, оның 1 681-і қа­ралған. Нәтижесінде, 416 жоба ма­құл­да­нып, 386-сы қаржыландырылған. Қазір 208 жоба іске асырылып жатыр. Олар­дың ішінде 25 жоба шетелдік нарыққа шы­ғып, экспортталып отыр. Алты жо­баның сату көлемі 1 млрд теңгеден асып, өзін ақтайтын деңгейге жеткен.
– Қазіргі уақытта 208 жоба іске асу­да, оның 25-і экспортқа шықты, ал 6-уы 1 млрд теңгеден астам сату көлеміне жет­ті. Жобалардың экономикаға қосқан жиын­тық үлесі 118,4 млрд теңгені құра­ды. Маңыздысы – соңғы 3 жылда ком­мер­цияландыруға қаржыландыру да, қоса қаржыландыру да мүлде бөлінген жоқ. Биылдан бастап бұл мақсатқа қара­жат қарастырылды, – деді Саясат Нұр­бек.
Бұл салаға жасалып жатқан мем­ле­кет­тік қолдаудың күшейгенін көр­­­сеткенімен, ғылыми жобаларды ком­­­мерцияландыру және жеке инвес­ти­ция тарту мәселелері әлі де өзекті. Ғылым мен бизнестің байланысы берік емес. Көптеген зерттеу нарықта сұра­ныс­қа ие болмай, зертханалардан әрі аспай жатады. Осылайша, ғалымдар мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты күшейту, коммерцияландыруға қажетті инф­рақұрылымды дамыту, қаржы­лан­дыру көздерін әртараптандыру басты мә­се­л­еге айналды.

Жеке сектордың орны ойсырап тұр

Осылайша, бюджет қаржы­лан­дыруы­­нан бөлек, жеке инвес­ти­цияларды тарту тетіктері же­тіл­дірілмесе, ғылым­ның нақты эко­номикалық секторға ық­пал етуі екіталай екені анық байқа­лып отыр. Ал ғы­лым саласына жеке ин­вес­тициялар тарту дең­гейі әлі де тө­мен. Яғ­ни, биз­нес пен жеке сектор­дың ғы­лымға құя­тын қара­жаты өте аз. Елі­міз­дің алты өңі­рін­де бұл ба­ғыт­қа мүлде қар­жы құйыл­маған.
Ең белсенді өңір Алматы бо­лып отыр, мұнда ғылымға құйыл­ған инвес­ти­ция көлемі 1 мил­лиард теңгеден асты. Сон­дай-ақ Абай, Ақ­мола, Шығыс Қазақ­стан және Жам­был облыстары да алдың­ғы қатарда.
Ең төменгі инвестициялық көрсет­кіш Павлодар, Қостанай және Атырау об­лыстарында тіркелген. Алты өңірде ғы­лымға мүлде қаржы бөлінбеген. Мұ­ның басты себебі – бұл аймақтарда ірі кәсіпорындардың болмауы.
ЖІӨ-нің ғылыми сыйымдылығы жоғары елдерде кәсіпкерлердің ғылыми зерттеулерге бөлетін инвестиция көлемі мемлекеттік қаржыландырудан да асып түседі. Бұл елдерде бизнес ғылымды негізгі қозғаушы күшке айналдырып, экономиканың өсімі мен инновацияның дамуына жағдай жасайды.
ЮНЕСКО-ның Статистика институ­тының сарапшылары мемлекеттік қар­жыландырудың артуы ғылыми ресурс­тарды тиімсіз пайдалануға әкелуі мүм­кін деп болжайды. Себебі ғылым мен бизнестің өзара байланысы әлсіз болған жағдайда, зерттеулердің коммерциялық әлеуеті төмендейді. Ал дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, инновациялық экожүйенің тиімділігі кәсіпкерлік сек­тор­дың белсенділігіне тікелей бай­ла­нысты.
Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім министрі Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша шетелдік әріптестер­мен бірге AI-Sana бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. Бағдарлама жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдана­тын ғылымды қажетсінетін стартап-ко­ман­даларды бизнес-акселерациядан өт­кізеді. Саясат Нұрбектің айтуынша, ел өңір­леріндегі жетекші университеттер зият­керлік капиталдың негізгі көзі бола­ды.
– Биыл 650 мың студент жасанды ин­теллект бойынша арнайы курстардан өтеді, ал екінші кезеңде 100 мың студент Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас техни­калық директоры Пол Киммен бірлесіп дайындалған курстарды оқиды.  Жыл соңына дейін біз жасанды интеллект са­ласында 1-1,5 мың стартап команда құру­ды жоспарлап отырмыз, – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министрлік ғылым мен биз­нес арасындағы өзара байланысты циф­рландыру арқылы күшейтуді көздеп отырғандарын жеткізді. Бұл бағытта өті­німдерді бөлуді автоматтандыру, сарап­шыларды іріктеу және байланысты тұл­ғаларды анықтау үшін жасанды интеллект негізінде жаңа жобалар іске қосылмақ.
– Ғылыми зерттеулерге қаржыландыру алу бойынша заңнамалық және норма­тив­тік мәселелерге қатысты кеңес беру үшін Мем­лекеттік ғылыми-техникалық сарап­тама орталығы базасында жасанды интел­лект-чат-бот әзірленеді. Сонымен қатар құжаттарды автоматты түрде генерациялау жүйесі енгізіледі. Бұл конкурстық процес­терді, оның ішінде ғылыми-техникалық тап­сырмаларды, қаржылық есептерді және басым бағыттарды бекітуді оңтайлан­ды­рып, деректерді өңдеудің тиімділігін арт­тырады және әкімшілік жүктемені азай­тады, – деп түсіндірді министр.

Ғылымға көңіл де, қаражат та бөлініп жатқаны, әрине, қуантады. Бірақ, ғылым экономиканың қозғаушы күшіне айналуы үшін қыруар қаржы бөлу, соның ішінде тек мемлекет қаржысын құю жеткіліксіз екенін тәжірибе дәлелдеп отыр. Жүйелі жұмыс, нақты сектормен тығыз байланыс реформалардың негізгі алғышарты болмақ. Бұл ретте, зерттеу жұмыстарының практикалық мәні мен сапасы да шешуші рөл атқаратыны анық. 

https://turkystan.kz/article/257207-karzhy-ulgaidy-karym-she

Comments (0)
Add Comment