Жақында Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы екі күміс, төрт қола медаль еншіледі. Осылайша, алты жүлдеге қол жеткізіп, алтын ала алмадық. Бұрымды боксшыларымыз жүлде саны жағынан жалпы есепте Қытайдан кейінгі екінші орынға ие болды.
Әлемдік доданың финалынан екі боксшымыз ғана жарқырай көрінді. Соның бірі – Карина Ибрагимова.
– Осыған дейін екі рет әлем чемпионатына қатысып, қоланы қанағат тұтып едіңіз. Биыл күміс жүлдеге ие болдыңыз. Шаршы алаңдағы өнеріңізге көңіліңіз толды ма? Қандай дайындықпен бардыңыз?
– Иә, осыған дейін екі қола жүлдем бар еді. Бұл көрсеткіш одан жоғары. Бірақ осы жарысқа алтын үшін барған болатынмын, бабымда болдым. Алайда өздеріңіз көргендей, алтын жүлдеге бір қадам жетпей қалдым. Әрине, әлемдік доданың ақтық сынына жеткен де, жетпеген де бар. Еліміздің намысын қорғауға барған соң барымызды саламыз. Дегенмен «Әттеген-ай» деген жерлер де болды.
– Осы әлем чемпионатында қателеспесем бес боксшымен кездестіңіз. Соның ішінде жартылай финалдағы тайпейлік қарсыласыңызбен жұдырықтасу оңай болмағанын көрдік. Оны жеңу үшін қандай әдіс қолдандыңыз?
– Әлем чемпионатында кез келген қарсылас оңай болмайды. Өйткені әр ел өз мықтысын апарады. Сіз айтып отырған, жартылай финалда жұдырықтасқан тайпейлік қарсыласым расында психологиялық тұрғыдан қиындау болды. Не дегенмен ол қыз жоғары жетістіктерге жеткен, екі дүркін әлем чемпионы. Бапкерлерім дұрыс тактика қойып берді. Соны орындап шықтым. 2018 жылғы жарыста осы қыздан жеңілген едім. Осы додада есемді қайтарып отырмын.
– Биылғы жарыстан кейін бірінші рет қазақ тілінде сұхбат бердіңіз. Жақсы меңгергеніңізді қазіргі сұхбат барысында да байқап отырмын. Қалай үйрендіңіз?
– Мен үшін қазақ тілінің орны бөлек. Қазақша жақсы білемін, түсінемін, құрметім ерекше. Мектептегі, спорттағы достарым қазақтар болғандықтан, кішкентайымнан қазақ тілі жаныма жақын. Үйде әкем де аздап қазақша сөйлейді. Алдағы уақытта қазақ тілін әлде де жан-жақты меңгергім келеді. Басында сөйлеуге ұялатынмын. Қазір осы жағын қолға алып, сөйлеп, қазақ тілінде сұхбат беріп жатырмын.
– Бокс – спорттың ауыр түрі. Бұл қыз бала үшін оңай емес. Неге басқа спорт түрін емес, боксты таңдадыңыз?
– Боксқа кештеу келдім. 16-17 жасымда. Әкем спортпен айналысқанымды қалады. Ал анам бимен, музыкамен айналысқанымды құп көретін. Мектепте бұларға қатысып көрдім, бірақ ұнамады. Мектепте барлық спорт түрімен айналыстым. Футболға да баратынмын. Ол кезде кішкентаймын, жаттығу алаңы алыс болды. Сосын әкем мені өзінің досымен таныстырып, жарты жылдай бокспен айналысуға үгіттеді. «Бұл – Олимпиадалық спорт түрі. Бағыңды сынап көр», – деді. Басында барғым келмегенмен, әкемнің айтқанын орындап құтылайын дедім. Сөйтіп, бірнеше аптадан кейін мені жарысқа жіберіп, ол жақтан үшінші орын алып қайттым. Сол кезден бастап алдыма нақты мақсат қойып, алда жүруге ұмтылдым. Осылайша, спортқа кездейсоқ келіп, боксты жақсы көріп кеттім.
Бокстағы қатаң тәртіп ұнайды. Бұл спортта әрдайым тек өзіңе ғана сенім артуың керек. Сонымен қатар режим сақтап, жаттығып отыруды талап етеді.
– Бокстағы бірінші жаттықтырушыңыз кім болды? Қазір жеке бапкеріңіз бар ма?
– КСРО-ның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Петр Леонидович Булка. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Александрович Высоцкий. Петр мені ересектер арасындағы боксқа ауысқанға дейін жаттықтырды. Жеке бапкерім бар. Он сегіз жасымнан бастап Александр Высоцкий жаттықтырып келеді.
– Әріптесіңіз Жайна Шекербековамен жақсы дос екеніңізді әлеуметтік желідегі парақшаңыздан көрдік. Спортта нағыз дос табу қиын ба?
– Жайнаны боксқа келгеннен бастап танимын. 2015 жылы құрамаға келгенде жақын таныса бастадық. Ол кезде Жайна кұрамадағы халықаралык спорт шебері, кыздар боксындағы мықты спортшы болатын. 2018 жылы Үндістанда өткен әлем чемпионатына бірге бардық. Содан кейін бір бөлмеде тұрдық, әлі күнге дейін бір нанды бөліп жеп келеміз.
Спортта шынайы дос табу қиын. Мұнда бәсекелестік көп, шаршы алаңда бір-бірімізге қарсыласпыз. Жайна нағыз шынайы дос деп айта аламын.
– Туған жеріңіз, отбасыңыз туралы біле отырсақ.
– Мен Көкшетау каласында өмірге келдім. Қазір де сонда тұрып жатырмыз. Әкем, анам, әпкем бар. Әпкем тұрмыста. Ал менің басым бос.
Спортта жүрген соң көп уақытымыз сыртта өтеді. Сондықтан бос уақытым бола қалса отбасымның жанында болуға тырысамын.
– Салмағыңызды бірқалыпты ұстау үшін диета ұстайсыз ба? Қандай тағамдардан бас тартуға тура келеді?
– Әрине, кез келген спортшы барлық уақытта дұрыс тамақтануы керек. Арнайы диета ұстаймын деп айта алмаймын. Бірақ қуырылған, газды тағамдарды тұтынбаймын.
– Алдағы Париж Олимпиадасына қатысу ойыңызда бар ма?
– Иә. Сол жерге барып, алтын алу үшін барымызды саламыз. Қазіргі салмағым, яғни 57 келі – Олимпиада салмағы. Ендігі мақсат – лицензия алып, Олимп шыңында көк Туымызды желбірету.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ
https://turkystan.kz/article/218536-karina-ibragimova-endigi-maksat-olimp-shynynda-kok-tuymyzdy-zhelbiretu/