Кардиолог Ульф Ландмессер жүрек ұстамасынан (инфаркт) сақтануға көмектесетін төрт факторды атады. Тurkystan.kz бұл туралы Focus–қа сілтеме жасап хабарлады.
«Бірінші фактор – қан қысымы» дейді сарапшы. Мұны емдеу неғұрлым тезірек басталса, соғұрлым жүрек-тамыр жүйесінің зақымдануын болдырмау оңай болмақ.
Екінші фактор – төмен тығыздықтағы липопротеиндердің (ТТЛП) деңгейі. Олар организмдегі холестериннің негізгі тасымалдаушылары. Оның деңгейі жоғары болса, қан тамырларында түйін пайда болуы мүмкін.
Сонымен қатар профессор жүрек-тамыр жүйесі ауруларынан сақтану үшін, генетикалық тұрғыдан да өзін бақылаған жөн деп есептейді. Яғни, отбасы тарихын білу қажет.
Төртінші фактор – қант диабеті. Қандағы қант деңгейінің жоғарылауы және аурумен байланысты метаболикалық өзгерістер қан тамырларының ұзақ уақыт зақымдануына әкеледі.
«Мұның бәрі біз жеңе алатын қауіп факторлары. Қарсы шаралар неғұрлым тезірек қабылданса, соғұрлым жақсы болады», – деді Ландмессер.
Сондай-ақ, оның айтуынша, созылмалы қабыну аурулары бар адамдар инфарктқа бейім болуы мүмкін. Дәрігер мұндай науқастарға жоғарыда аталған факторларды мұқият бақылауға кеңес берді. Ландмессер 40 жастан асқан адамдарға жүйелі түрде мұқият тексеруден өтуді ұсынды.
https://turkystan.kz/article/226001-kardiolog-zhurek-talmasynan-saktanu-zholdaryn-aytty/