Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар құрамына енетін – Қаратөбе ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Бектөбе және Қызылшарық елді мекендерінен құралған аталмыш округте қазіргі таңда 4 300-ден астам адам тұрмыс кешуде.
– Біз бұған дейін аудан басшыларымен, ауыл әкімдерімен бірнеше рет жүздесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселелердің шешілу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Сол бойынша қазір арнайы Жол картасы әзірленуде. Демек, осындағы жұртшылықты не толғандыратынын жақсы білемін десем, артық емес. Расында, бүгінге дейін аудан әкімдігі тарапынан ауылдарды көркейту бағытында ілкімді істер жүзеге асырылғаны өздеріңізге мәлім. Одан өзге де алда тұрған жоба-жоспарлар жетерлік. Біздің міндетіміз – соларды орта жолда қалдырмай, аяғына дейін жеткізу. Елді мекен облыс орталығының құрамына енгеннен кейін оның тұрмысы да соған сай болуға тиіс. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Сондықтан, келешекте бәріміз осы аумақты өркендету жолында бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Басқосуды қорытындылаған қала әкімі әрбір сауал бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.