Қарашаның 5-і мен 11-і аралығында Испания астанасы Мадридте каратеден әлем чемпионаты өтеді.
Карате Олимпиада бағдарламасына енгелі бері, спорттың бұл түріне деген қызығушылық арта түсті. Ресми мәліметтер бойынша, Мадридтегі додаға қатысушылар саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ.
WKF мәліметінше, 139 елден 1200-ге жуық спортшы әлем чемпионатының жүлдесіне таласпақ.
Каратеден Қазақстан құрама командасының бас бапкері Жасталап Санауов әлем чемпионатында сынға түсетін спортшылар тізімін жариялады.
Олар: Дархан Асаділов (67 келі), Ермек Айназаров (-75 келі), Данияр Юлдашев (-84 келі), Димаш Укматов (+84 келі); Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Сабина Захарова (55 келі), Мадина Өтелбаева (60 келі), Александра Будкина (67 келі).
«Әлем чемпионатында үш спортшыға үміт артып отырмыз. Олар — Дархан Асаділов, Данияр Юлдашев және Мөлдір Жаңбырбай. Дархан өте тәжірибелі спортшы, әлемдік сынның күміс жүлдегері. Ал Данияр биылғы премьер-лигада финалға дейін жетті. Мөлдір қызымыз жасөспірімдер арасынан өзін жақсы көрсетті. Осы сенбіде Мадридке ұшып кетеміз. Спортшыларымызға сәттілік серік болсын», — дейді бас бапкер Жасталап Санауов.