Қарасу каналына көңіл бөлінсе…

Облыс тізгінін Асқар Мырзахметов қолға алғалы Тараз қаласы күн санап көркейіп, тотыдай тарана түскені жасырын емес. Десе де, барымызды бағалай алмай, қолмен бүлдіріп жатқан тұстарымыз да баршылық. Мәселен, «Жансая» мен «Қарасу» ықшамаудандарының ортасында орналасқан Қарасу каналының тазалығы бүгінде сын көтермей тұр.

Бұл көлдің «Жансая» мен «Қарасу» ықшам­ау­дан­дары, «Қарасу» иіні аралығындағы бөлігіне үш көпір орнатылған. Үшеуінің де қасында тұрмыстық қалдықтарды салатын арнайы контейнерлер бар. Десе де, судың бетінде пластикалық бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтар аузы-мұрнынан шығып, қалқып жүр. Біраз жерін қалың қамыс басқан. Дәл осы тұста №51 және №25 мектептер орналасқанын ескерсек, бұл аймақ мектеп оқушылары үшін де қолайсыздық тудыруда.
Бұрын осы №5 ықшамауданда тұрған Еңлік Баршынқызының айтуынша, баласының мектептен қайтар уақыты ол үшін уайым екен.
– Осы №5 ықшамауданда тұрған кезімізде қызым №25 мектепке барған болатын. Кейін жалға алатын қолайлы пәтерді №8 ықшамауданнан тауып, көшіп кеттік те қызым үйренген мектебінен ауысқысы келмеді. Негізі, екі ықшамауданның арасы алыс та емес, бірақ бізге қатынауға ыңғайлы Әл-Фараби көшесімен жүретін автобус болмай, «Жансая» ықшамауданының аялдамасынан түсіп, қызым мектепке барып жүрді. Мұнда «Әулие бұлақ» деп ел аузында аталып кеткен каналдың үстіндегі көпірмен өтеді. Қыс айларында тар көпірге мұз қатып, тайғақ болады. Сонымен тәлтіректеп әрең өтіп жүрген. Бір күні қыстың қысқа күнінде сабақтан кеш шығып, көпірден өтетін жерге барса, ер кісілер жиналып арақ ішіп отыр екен. Жалғыз бара жатқан қызымды көріп, артынан қуыпты. Абырой болғанда, қызым аман құтылған. Егер сол кезде мұзға тайып құлап немесе әлгі маскүнемдердің қолына түссе, не боларын ойлаудың өзін қиын. Осы көпірлерді кеңейтіп, маңайын жарықтандыруға болмас па екен. Балалар өтетін жерді ішкіштердің ордасына айналдырмай, тәртіп сақшылары жиі қадағаласа ғой, – дейді баласына алаңдаулы ана.
Бұл маңды біз де бір-екі рет арнайы барып, бақылап көрдік. «Әулие бұлақ» тұсында бір жарықшам орнатылыпты. Алайда, көпір төмендегі сайда орналасқандықтан, ол тұс көзден тасалау. Дәл осы жерден кешегі күннің қапырық ыстығында шомылып жүрген балаларды көзіміз шалды. Ал, солардың бергі жағында 2 келіншек кілем-палас жуып жүр. Әрине, «Ағынды судың арамы жоқ» дейді. Дегенмен, қоқыс тасталған суға балалардың шомылғаны көңілге күмән ұялатады.
– Біз «Қарасу» ықшамауданының жаңадан салынған №17а үйінде тұрамыз. Дәл каналдың түбінде. Жаздың аптапты күндерінде судағы қалың қамыс пен үйіліп қалған қоқыстан су сасып, өте жағымсыз иіс мүңкіп кетеді. Тереземізді аша алмаймыз. Үйдің іші қапырық болған соң амалсыздан ашуға мәжбүр боласың. Бірақ, еркін тыныстай алмай, судың сасыған иісі қолқаны қабады. Қамыстарын орып, ішін тазаласа қайтер еді? – дейді қала тұрғыны Дәметкен Юсупова.
Тұрғындардың тілегін арқалап, осы округтің бас инспекторына бардық.
– Бұл мәселе біздің де назарымызда. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Каналдың ішін тазалау үшін басынан бастамаса, дәл сол тұсы сай болғандықтан, техника кіре алмайды. Мұны қала әкімшілігінде де көтергенбіз. Каналдың ішін түбегейлі тазалау үшін 168 миллион теңге қажет. Оған қол қысқа болып отыр. Ал, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағына келсек, күніне 2 рет атты полицейлер бұл маңды аралап өтеді, – дейді №5 округтің бас инспекторы Ғазиз Ералиев.
Негізі, осы аумақтың тазалық жұмысына бөлінген жұмысшылар да бар. Бірақ, олар тек көше бойын ғана күнделікті жинастыруға міндеттеліпті. Ғазиз Нұрланұлының айтуынша, қазір 9 адам осындағы тазалық жұмыстарымен айналысуда екен.
– Жалпы, бұл округтің көлемі 38 гектар. Осы аумақтық округке 6 ықшамаудан мен 1 тұрғын алқабы біріктірілген. Көпқабатты 206 және 274 жеке тұрғын үй бар. Әлгі каналға қоқыс тастайтын өзіміздің тұрғындар. Ел заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаның тазалығына нұқсан келтіргендерге берілетін жазаны, айыппұлды көрсетіп, арнайы құлаққағыс қағаздарын барлық үйлерге іліп те шықтым. Қалалық газетке де жарияладым. Сол бойынша кінәлілерге тиісті шара қолданайын десем, қала әкімшілігіндегілер «Онсыз да нанын әрең тауып жүрген халықтан айыппұлды қалай талап етпексің?» деп тоқтатып отыр. Мысалы, орталық жолдың бойына жүргіншілер үшін қойылған қоқыс жәшігіне тұрғындар үйінен шыққан тұрмыстық қалдықтарын тастайды. Алайда, шағын ғана жәшік ауыр қоқысты көтере алмай, төңкеріліп, ішіндегісі ақтарылып жатады. Біздің жұмысшылар осындайларды жиыстырумен бір күндік уақытын жұмсайды. Бұрын 15 қоғамдық жұмысшым бар еді, қазір бірқатары егістік даласындағы науқандық жұмыстарға кетіп, 9-ақ адамым қалды. Міне, осы аз қызметкерлермен бүкіл округтің қоқысын тазартуға тырысып жатырмыз.
Көбіне каналдың жоғарғы жағындағы жекеменшік жер үйлерде тұратындар тұрмыс­тық қалдықтарын каналға тастап, ол ағын сумен ағып келіп, «Қарасу» ықшамауданының тұсындағы қамыстарға кептеліп жатыр. Міне, біздің тұрғындардың қоршаған ортаға деген мәдениеті осындай, – дейді Ғазиз Ералиев.
Қауіпсіздік бойынша мән-жайды біл­мек­ке учаскелік полиция бөліміне барғаны­мызда, ондағылар осы таңға дейін тұрғын­дар тарапынан бірде-бір арыз-шағым түс­пе­ге­нін айтты. Сондықтан, олар үшін бұл маң­ды жіті қадағалауға еш негіз жоқ көрінеді. Маман­­дардың сөзінен ұққанымыз – сонда канал маңынан қылмыстық оқиға тіркел­мегенін­ше, олар алдын алу сақтық шараларын жүргіз­бей­тіндігі анық болып тұр. Демек, учаскелік полицейлер үшін «сақтансаң, сақтайды» деген қағида жүрмейтін секілді.
Мұндағы мәселе тек канал ішінің тазалығы, көпірінің тарлығы, балалар үшін қауіптілігі ғана емес, Әл-Фараби көшесімен жүретін автобустың аздығы да тұрғындарға уайым болып отыр.
Қалай дегенде де, бұл талқылайтын емес, тез арада нақтылайтын мәселе. Бәлкім, Қарасу каналының тазалығы мен жаңғыртылуын Қала құрылысы кеңесінде қарап, бір шешімін табу қажет шығар. Өйткені, Тараз қаласы жаңа келбетке еніп жатқанда, мұндай келеңсіздіктер шаһар көркін қашырмауы керек. Түптеп келгенде, қаланың орталық маңына жақын орналасқан ықшамауданның ортасынан қамыс өсіп, қоқыстың тау-тау болып үйіліп жатуы ешкімге абырой әкелмейді. Осыны Тараз қаласы әкімдігі ескеріп, түйткілдің түйінін тарқататын бір жол табады деп сенеміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments (0)
Add Comment