https://turkystan.kz/article/260259-qarapaiym-tirlik-kesti-prezident-anasy-turaly-estelikter-zariialady
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ата-анасымен түскен балалық шағындағы суретін жариялап, анасы туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президент бүгінгі Аналар күніне орай анасы Тұрар Шабарбаева туралы аз-кем естелікті бөліскісі келетінін атап өтті.
Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұмыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды. Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қаламақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды.
Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін», — деп жазды президент.
Мемлекет басшысы одан әрі анасының батыл қолдау көрсеткен сәтін еске алды.
«Өз өмірімнің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күндері Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді.
Шешеміз, әрине, кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келіп жатқанын білді, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды. Өзі де қарапайым тірлік кешті, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырды. Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін. Анам да үнемі мені қолдайтын», —деп жазды президент.