Алматы облысында сынған мұз үстінде қалып қойған 12 балықшы құтқарылды деп хабарлады turkystan.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«5 наурыз күні сағат 15.44-те Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне Қапшағай су қоймасындағы «Голубой залив» құмды жағажай ауданында мұз жарылып, сынған мұз кесегі жағадан алыстап бара жатқаны туралы хабарлама түсті. Мұздың сынған бөлігінде (мұздың қалыңдығы шамамен 15 см, сыртқы ауа температурасы +130) 12 адам қалған. Оқиға орнына дереу Қонаев қаласындағы жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жіберілді», – делінген хабарламада.
Мәлім етілгендей, шақыру орнына жеткен құтқарушылар балықшылар жағадан 30 метр жерге алыстап кеткенін көрген.
«ТЖД құтқарушылары мұздың сынған бөлігіндегі барлық балықшыны жүзу құралдарының көмегімен жағаға эвакуациялады. Адамдар құтқарушыларға алғысын білдірді. Медициналық көмек қажет болмады. Олардың барлығы Алматы қаласының тұрғындары», – делінген мәліметте.
Министрлік өкілдері температураның жоғарылауына және желдің күшеюіне байланысты қазіргі уақытта мұзға шығу қауіпті екенін ескертті.
https://turkystan.kz/article/215646-kapshagayda-syngan-muz-12-balykshyny-zhagadan-agyzyp-eketti-video/