Бұл уақиға қаңтар айының екінші бөлігінде орын алған еді. Осыдан тура жүз жыл бұрын…
1923 жылы 29 қаңтарда Қазан қалалық милициясынан Жуковский көшесі, 4-үйде орналасқан Татарстан Республикасы Халық ағарту комиссариатына Қазақстан Халық ағарту комиссариаты Қырғыз (Қазақ) мемлекеттік баспасының Қазан қаласында кітап бастыру ісімен айналысатын айрықша өкілі, ақын Бернияз Бекенұлы Күлеевтің (24 жаста) және Қазан қаласында тұратын азаматша, Қазан университеті медицина факультетінің студенті Зейнаб Әхмәрованың өлі денелері табылғаны жөнінде суыт хабар түсті. Мүрделер азамат Б.Күлеев қызметтік мақсатта жалдап тұрып жатқан пәтерден табылған.
Дереу шұғыл топ жасақталып, тергеу-тексеру амалдарына және сот-экспертизалық сараптама жасау ісіне кірісті. Жинақталған материалдар соңыра ТАССР Орталық мемлекеттік архивіне өткізіліп, Р3870-қор, 3-тізім, 118-іс деген архивтік нөмірлеумен қорға алынды.
Бүгінге дейін бұл қылмыстық іс материалдарымен Қазақстаннан барған екі ғалым танысқан – 1950-1960-жылдар шамасында Бейсенбай Кенжебаев және 1990-жылдар өресінде Арап Еспенбетов. Соңғы аталған әдебиеттанушы ғалым мерзімді баспасөз бетінде жариялаған мақаласында іс материалдарындағы қорытындыны қысқаша үш тезиспен берген: 1. Б.Күлеев пен З.Ахмерова өз-өздерін атып өлтірген; 2. Заң қызметкерлері Б.Күлеев пен З.Ахмерованы қастандықпен өлтірген деп іс қозғаған; 3. Мәселенің ақиқатына жету мақсатында сот-медициналық экспертиза жүргізілген.
Біздіңше, бұл жерде тергеу органдарының тексеруге кіріскен кезде екі түрлі нұсқаны (версияны) бірдей басшылыққа алғаны айтылып отырса керек. Соңыра тергеу-тексеру амалдары аяқталған кезде тергеушілер солардың алғашқысы орын алған деген тоқтамға келеді. Сол себепті де, іс «Дело, возбужденное по самоубийству Б.Кулеева и З.Ахмеровой» деген атау алған. Оған бірнеше заттық айғақтар, соның ішінде Б.Күлеевтің өз қолымен қызыл сиямен орыс тілінде, Зейнеп екеуінің атынан жазып қалдырған запискасы (қысқа хаты) негіз болады. Қысқаша мазмұны: өздерінің өліміне ешкімді де кінәлі деп санамауды және болған жағдайды Бернияздың Орынбордағы немере ағасы Сағындық Дощановқа және Ташкентте оқып жүрген немере қарындасы Аққағаз Дощановаға хабарлауды сұраған. Кейін газет материалдарында Бернияз барлығы төрт хат жазып қалдырған деген дерек ұшырасты, алайда қылмыстық іс материалдарына тіркелгені жоғарыдағы ақтық (қоштасу) хаты ғана болса керек.
Архивтегі іспен танысқан қазақстандық зерттеушілер өз жарияланымдарында әлденеге қайғылы уақиғаның қалай болғанын (қалай атылып қалғандарын) бажайлап жазбайды. Бізге жеткен инсайдерлік дереккөздердің бірінің айтуынша, Бернияз әуелі Зейнепті, сосын өзін атқан. Ал екінші мәліметте екеуі арқаларын тіреп тұрып, Бернияздың наганнан атқан оғы оның денесін тесіп өтіп барып, Зейнепті де мерт еткені айтылады. Бұл оқыс уақиғаның себебі: екеуінің қосыла алмауы, яғни сүйіспеншілікке байланысты ғашықтық драма (трагедия).
Бернияз бен Зейнеп қаладағы жастар жиі баратын «Шығыс клубы» дейтін мәдени орталықтағы кештерде (раут) танысқан. Қазіргі Маржани көшесіндегі №8-үйде, Тоқай алаңында орналасқан «Шәрык клубы» ХХ ғ. басында татар зиялы қауымы бас қосатын айтулы қоғамдастық-тын (бүгінде бұл тарихи ғимаратта (Апанаев үйі) Г.Камал атындағы «Шәрык клубы» театры орналасқан). 1911 жылдан ондағы стационар сахнада татардың тұңғыш кәсіби театр труппасы «Сайар» («Кезбе») ойын қоятын. Өзінің ішекті аспаптар оркестрі болған.
Зейнеп Ахмерова жөнінде дерек аз. Бернияз бір өлеңінде келістіре суреттегендей, «айнадай ақ жүзінің ажарынан, ұялып жұлдыз біткен бетін басқан», «бойы тал, белі сындар, Алланың артық туған ардақтысы» көркем жан болса керек-ті, әйтеуір. Осы сырт сұлулығына ішкі дүниесі, мінез-құлқы да сай: «ақыл-парасат, терең ой, жетік ми, шешен тіл, кең көңіл». Қысқасы, «менің жарым болса екен» дегізерлік бір сылқым кейіп (содан ғой, қазақтың оқыған жігіттері татардың жүзі жайнап, көзі күлген бибігүлбанаттарына шыдас бермей, «сынып» түсетіндері). Қызы құрмағыр да Берниязға мойынсал. Жүре-бара екеуі шын сүйіседі. Бернияз да бұрын, елде жүргенінде көңіл қосқан, жүйемелете өлең арнап жіберген Мағрифа, Гүләндамдарды енді Зейнебінің қара тырнағына алғысы жоқ. Ақыры екеуі бас қусырмақ болады. Алайда қыз жағы бұған ризашылықтарын бермейді.
Осы материалды әзірлеу барысында Ахмеров нәмін біраз гуглдеттік. Осы атпен белгілі біраз әулет бар екен татар тарихында. Солардың ішінде бұрынырақ аталатыны – Қазан қаласында тұрған ағайынды Ахмер мен Рахманқұлдан тарайтын көпес әулеті (Арсаевтар деп аталады). Ахмерден екі ұл: Құрбанғали мен Юсуп, 1-гильдия көпесі дәрежесіне қол жеткізген, мал терісін сатып, сабын қайнататын бірнеше зауыт салып байыған. Проф. Фукстің жазуынша, Қазанның шылқыған бай сәудагерлері. Тырысқаққа қарсы аурухана ашып, мешіт-медресе ұстап, қайыр-ихсанды іспен де айналысқан. Юсуптен туған Ғұбайдолла, Хайролла, Құрбанғалидан өрбіген Ахметзян мен Мұхаммед, Ғұбайдолланың ұлы Хұсайын ата кәсіпті жалғастырған. 1910-жылдары Омбы жағында жеміс-жидек және уақ бұйым сатумен айналысқан Ибрагим Ахмеровтың да осы әулетке қатысы болуы әбден мүмкін. ХІХ ғ. басында Қазан гүбірнесінен Челябі, Троицк жаққа өтекәсіп жасап ауғандардың қатарында да Ахмеровтер дейтін көпестер болған. Титул советник Ибрагимнің қызы Ғабида Ахмерова атақты Алкиндердің тұқымы Шаги-Ахметке тұрмыстанады. Ибрагим Ахмеров әулеті Қазанда қазіргі Тоқай көшесінде, ағаштан қиып салған №76-қос қабатты үйде тұрған: Ибрагим, Измаил, Биби-Хадиша, Хұсни-Жамал және Шабхазгирей (Измаилдың баласы). Шабхазгирей – белгілі ағартушы, Қазан татар мұғалімдер мектебінің инспекторы (директоры) қызметін атқарған, қалалық думаға гласный болып сайланған белді қайраткер. Зайыбы Хадиша – ескі дворян әулеті Алкиндердің нәсіл-нәсібі. Екеуі он бала сүйген, аман өскені жетеу: Мағи – дәрігер-гинеколог, Ильяс – офицер, Сара – заңгер, белгілі қоғам қайраткері, Дауд пен Юсуф Азамат соғысы кезінде қаза тапқан, София деген және бір қыз, сосын Захида – жоғарыда айтылған «Сайар» театрының әртісі (Шабхазгирей Ахмеров осы труппа өнер көрсеткен «Шәрык клубы» ағалық кеңесінің мүшесі болған). Шабхазгирей 1900 жылы 47 жасында қайтыс болған, ал Захида кенжесі болуы керек, себебі ол 1897 жылы дүние есігін ашыпты. Бір ойымыз айтады: Бернияз сүйген Зейнаб-Зейнеп не Ильястың, не Дауд пен Юсуфтың біреуінің қызы болуы мүмкін деп.
Ал енді бар ма, осы Шабхазгирей Ахмер әулетінің қазақ тарихымен қиюласатын бір жері бар: жоғарыдағы София қызы – кейін Ресейдегі алғашқы араб қаріпті жазу мәшіңкесі зауытын ұйымдастыратын Асқар Шейх-Әлидің зайыбы. Асқардың әкесі – Шәміл имаммен бірге қолға түскен құмық князі Әли Шейх-Әли, ал анасы – Гүлсім Сәлімгерейқызы Тевкелева Ресейдің тұңғыш мүфтиі Тевкелевтің шөбере қызы, кәдімгі Жәңгірдің – Бөкей Ордасының соңғы ханының немересі. Шейх-Әли әулетінің бір қызын Мұхаметжан Тынышбаев алған.
Ілгеріде Орал тауларына асқан тағы бір Ахмеровтер кездеседі тарихта. Ол – Қазан губерниясының Царевококсай ауданының тумасы, Троицкіге келіп, атақты Яушевтердің қолында тәрбиеленген Ғабдолла Ахмеров. Ғабдолланың әкесі Хаким Қазан қаласында шағын елтірі дүкенін ұстап, қоңторғай тіршілік еткеніне қарағанда бұл әулет ілгерідегі тұқымына кететін көпес атағын иеленген Ахмеровтерден басқа болуы. Айта кететін жәйт, Ғабдолладан туған Исхак Ахмеров 1920 жылы, жиырма жасында Қазанда Наркомпростың көркемдік секторына жетекшілік етіп, жыл аралатып сол халық комиссариатының жабдықтау бөлімін басқарған. Яғни, бұл Ахмеров пен Бернияз бір-бірімен таныс болған деу жөн. Бірақ Бернияз қаза болатын жылы Исхак Қазаннан алыста, Мәскеуде оқып жүрген – кейін полковник Исхак Ахмеров КСРО-ның АҚШ-тағы жасырын резидентурасын он жыл жемісті басқарып, 1941 жылы Жапония мен Американы қырқыстырып, соғыстың бетін басқа бағытқа аударуының нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын өзгерткен саңлақ барлаушы ретінде тарихқа енді. Міне, солай.
Десе де, біз Зейнеп-Зейнабтың тегін Шабхазгирей Ахмеров тармағынан іздеуге құлықтымыз. Қазақпен Жәңгір хан арқылы ілік-шатыстығы бола тұра, Бернияздың татар жұртына жиен екендігінен (Бернияздың анасы Хұсни-Жиһан орынборлық татарлар ұрқынан еді) хабардар бола тұра сақалынан сары алтын саудыраған жуан тұқым жалаңаяқ қияли жазарман деп, «сасы қазақ» деп (татар бұрындары балаларын «қазақ бабайдың арбасына салып жіберем» деп қорқытқан ғой) менсінбеген. Шендеріне жуытқысы келмеген. Сөйтіп, шын сүйіскен екі жастың ілгері тілегіне тосқауыл салған. Бұл жағдай, әсіресе Берниязды қатты торығуға душар еткен сияқты. Ақынның бұрынғы өлеңдеріне бажайлаңқырап үңілсек, оларда жас адамға тән өмірге құштарлық сезімі мен қамкөңіл, күйрек, тіпті суицидтік көңіл-күй деуге болатын біртүрлі бір шыңылтырлық алма-кезек ауысып келетінін байқаймыз. Өң мен түстің арпасындай өліара бұл беймазалықты «Айныған аруға», «Шер шыдатпай саған арнап», «Ұшпақтағы жарыма», «От жалындай өртеп ішті» сықылды жырларынан көреміз. Осы қатардағы алғашқы өлеңде «Уәдеден тану өз еркіңде, тек мейірімді Ием көңіліңе қайырым салсын» деп, бітім-тынымға келгендей қалып танытса, келесіде, «Қайтер едіңде?» екі жүрек кәмілдікпен қосылғанымен, жалған өмірде арман-тілектің тоғыса бермейтіні туралы ой түйеді. Енді бір тұста сезімді шырқау шегіне жеткізгендей болады: «Жалғыздықтан жай таба алмай, / Жарылғандай ер жүрек. / Жаным күйіп шыдай алмай, / Жас келеді мөлдіреп…» Не деуге болады?! Ақынның өзі айтқандай, «Алты Алашта әйел шын жетім» екені қандай рас болса, мына сұм жалғанда ақынның да дәл сондай шын жетім екені ащы рас. Зейнеппен арадағы ғашықтық драмасы осыны трагедияға ұластырса да өзі білсін.
«Ақынның қаламынан туған ең соңғы өлеңі өзі атылардан бірнеше күн бұрын жазылған, яғни 1923 жылы 21 қаңтарда, кешкі сағат 5-те өзі датасын қойып кеткен «Ал, жүрегім, өлейін» өлеңі деп есептейміз», – деп жазады Бернияздың ақындық мұрасын диссертациялық деңгейде зерттеген әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек. Ең соңғы және өз өміріне де, сүйгенінің өміріне де нүкте қойған өлеңі ол деу жөн. Жылдар бойғы суицидалдық көңіл-күйдің шегіне жетіп, шарт етіп үзілер жері. Ол көңіл күйдің басты түрткі себебі неде, ақын бұл дүниенің хикметінен неге күдер үзді, жүрегі осыншалық неден тотық алды – бізде мұны ішіне түсіп зерттеген ешкім жоқ. «Өмірден махаббатты жоғары қойып, өздеріне қол салған» деу… мәселенің бетін шөмішпен қалқып алу. Бернияз өлгесін арада жиырмашақты күн өткенде газетке жариялаған азанама жазбасында Мағжан Жұмабаев қана әлгі түрткі себепті тереңірек қаузауға талпыныс жасады. «Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге беймәлім, – депті таланттас інісін көзі тірісінде жоғары бағалаған Мағжан. – Алайда, жастықтан, әсіресе тәртіпті дұрыс тәрбие алмаудан туған бір себеп болуында шүбә жоқ, олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет, аласұрған жас жанның қолына мылтық беруші сол, осыны ұғу керек. Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірді деп ренжу керек. Күнә сенде емес, [күнә] көптікі…»
Заманына, қоғамға наразы автордың бұл арада нені меңзеп отырғанын жол арасы оқып түсінеміз – Мағжан «көп» деп талантты өлтіретін тобырды емес, адам өмірін жаңқа құрлы көрмейтін өз тұсындағы жаңа жүйені ишаралағандай болады. Ия, адам баласының бірін жоғары, бірін төмен жаратқан Жаратушының қалыбын өзгерту ешкімнің, ешнәрсенің қолынан келмейді. Десе де, «көп» сөзі бұл жерде кеңестік жүйеге толықтай жүрмесе керек, «тоқсанның тобы» мағынасында. Оның себебі, айтты-айтпады, советтік жүйе адам баласын тең етпек, теңестірмек болып әлеуметтік теңсіздікті тізеге салып қиратқан кезде, оған қоса әлеуметтік әртектілікті де жойды. Ендігі жерде ақсүйек те, асыл сүйек те, қарасүйек те тарихтың еншісіне өтті.
Бай жоқ, кедей жоқ, біркелкі қоғам орнады. Әлеумет біртектеніп, ортақ нырыққа келтірілді. Бұл – ХХ ғасырдың үлкен жетістіктерінің бірі және бүгінде әлем бойынша демократиялық құндылықтар салтанат құра бастаса, мұнда осы жағынан кешегі кеңестік жүйенің де айтарлықтай үлесі бар деу жөн. Демек, Берниязды өмірден ерте кетірген советтік «тоқсанның тобы» деп кесіп-пішу үшін көп дәлелдеме керек. Мәселе басқада сияқты. Осы орайда алдымен ойға оралар сұрақ: Бернияз бен Зейнеп Ромео мен Джульетта, яки Қозы мен Баян сықылды кезекпенен өлінбей, неліктен екеуі бір уақытта кеткен? Басқаша айтқанда, қазақ тарихында бірінші рет суицид теориясында «екі адамның өздеріне бір мезгілде қол салуы» делінетін практиканың қолданылуы қалай? Жалпы, бұл ретте, әлемде осындай телу (аналогтар) бар ма?
Ол үшін тарих қойнауына көз салу лазым.
* * *
Жапон мәдениетінде «синдзю» дейтін ұғым бар. Сөзбе-cөз аударғанда «жүректердің бірлігі» деген мағына береді. Махаббаттарын үй-іші, яки әлеумет қабылдамаған жағдайда сүйіскен екі жастың өздеріне бірлесе қол салуы. Сөзді алғаш дәл осы мәнде ХVII ғасырда жасаған «жапон Шекспирі» Тикамацу Мондзаэмон өз пьесаларында қолданған (мысалы, сүйегі өмірден алынған «Ғашықтардың Сонэдзапиде өздеріне қол жұмсауы» драмасы). Әлгі шығармалар жапон қоғамында «қосар суицид» уақиғаларын күрт көбейтіп жібергені сонша, ұзамай синдзю жапон мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналады.
Синдзюдің пәлсапасы қысқаша былай: екі ғашық өздеріне бір уақытта қол салған уақытта екеуі сүйіспеншілік бақытына ана дүниеде жетеміз, бақида қайта өмірге келіп, ризықтанамыз деп үміт етеді, яғни махаббаттарын өзге дүниеге көшіріп, сонда мәңгілік неке қиғызамыз дегендік. Осы жолда берілер ант, қабылданар уағда екі жастың бір-біріне деген сезімдерінің кіршіксіз екенін қуаттау, аққу-адалдықтарының дәлелдемесі секілді қабылданған. Бұл жерде біз құбылыстың едәуір романтикалық сипат алғанын аңғарамыз. Осы орайда бұдан елу жыл бұрын жапон жазушысы Мисима Юкионың баспагеріне соңғы жазылған туындысын тапсырып барып өзіне харакири жасағаны назар аудартады (алдын ала жасалған келісім бойынша жанындағы серігі қылышпен басын алған). Яғни, романы да, автордың өмірі де бір уақытта аяқталған. Бернияздың соңғы өлеңін жазып барып, «Ал, жүрегім, өлейін» деп өзіне және қызына қол салғаны сияқты құдды. Юкионың неге бүйткені жұмбақ болып қалды, бірақ бір нәрсе анық – ол жас кезінде өздеріне синдзю жасаған ғашықтардың өлімін көзімен көрген және содан бастап жазғандарында суицидтік көңіл-күй пайда болып, одан әрі күшейе кеп, өзіндік бір романтикалық өң алған екен.
Ал біздің Бернияз нені көріп, немесе оқып рең алған? Ол қиыр шеттегі Синдзюді білді деп айтуға дәлеліміз жоқ. Дей тұрғанмен, синдзюге бағыт сілтейтін бір нәрсе болды қазақ руханиятында. Ол – Абайда кездесетін «Тәңірі қосқан жар едің сен…» дейтін жалғыз жол. Пушкиннің «Евгений Онегиніндегі» Татьянаның хатын Абай осы сөзбен бастайды және ол сөз түпнұсқада жоқ, Абай жанынан қосқан. Яғни, қазақ діліне жақын, ислам әрканына тартатын ұғым. Сүйгеніңе бұл дүниеде қосылмасаң да, бақида бас қосасыңдар. Себебі, сендерді озалда Тәңірінің өзі қосқан. Таза Абай дәстүрінде болмағанымен, оған жасырақ уағында көп еліктеген және кейін де ұлы ақыннан көп нәрсе алған Бернияз жоғарыдағы «Тәңірі қосқанға» арнайы назар тіктегені байқалады.
Бернияз – қазақ поэзиясында Шәңгерей негізін салған, Мағжан жалғастырған романтизм бағытының көрнекті өкілі. Математикадан ҒА-ның толық мүшесі болған бір ғалымымыз бұл күнде шылғи сезімнен тұратын өлеңді мойындамайтынын, поэзия Абайдағыдай салқын ғақылдың поэзиясы болуы керек екенін қажет болғаннан да көбірек айтып-жазып жүр. Өз басым математиканы әуезе етпеймін, себебі одан білетінім шамалы, сол сияқты, біздің ұғымымызда әдебиеттануға басқа саланың өкілдерінің баса-көктей араласуынан сақтану керек дер едім. Әйтпесе, ұрыншақ баға, үстірт пікірлерге жол беріледі және ондай пікірлерге әлі ойсанасы толық орын теуіп үлгермеген жастар иланып қалмақ. Өлең – алдымен лирика, жүрекпен жазылатын және бір-ақ сәтте қағазға құйылып түсетін сезім. Жалыны жалт етіп көкке көтерілетін шыңылтыр. Міне, Бернияз дәл осындай шыңылтыр сезімнің ақыны, яғни нағыз, шынайы ақын еді. Өз дәуірінен құлағы озып туған, ілгері кетіп қалған шын шайыр-тын. Бернияз мұрасы аз зерттелген жоқ, көп те зерттелмеді. Әнуар Дербісалин, Ысқақ Дүйсенбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Арап Еспенбетов, Жарасқан Әбдірашев, Сәбит Жәмбек… айта берсе аз емес зерттеу жүргізгендер. Бірақ ақынның оқсатып тұрып ішін ашқан кім бар!? Енді айта беруге болады, біздің қыршын кеткен Берниязды тануымыз Мағжанды тануымыздан көп қалыңқы. Шынтуайтында, Берн сияқты Бернияз да ұлттық өлеңіміздің өлкесіне біршама жаңа түр алып келген, лексикалық-фразалық құбылыстар сыйлаған. Біраз өлеңін Абайша сегіз аяқ порымында түрлегенінің сыртында ол ұлттық өлеңімізге кейінгі Қадыр сынды жол сындырып жазуды алғаш ұсынды десек, қателесе қояр ма екенбіз?! Қараңыз:
Ақ төсіңді,
Гүл бетіңді,
Жаным, жатқа көрсетпе…
Бақ алманың,
Дәмін, мәнін,
Білу қайда есекке?!
Немесе:
Келші бері,
Сүйші мені,
Суырылсын көмейім.
Сүй, құшақта,
От құшақта,
Есім ауып өлейін!
Бұл – бірдей жалғыз сөзбен әртүрлі мағына беретін полисемия, Руставели мәсжиді. Мұндай тамаша мысалдар Бернияздан молынан табылады. Тек ыждағат керек, шырағыңды жасауратып ізерлейтін қажыр керек.
Осыдан оншақты жыл бұрын біз, «Астана» журналының шығармашылық тобы мәшинемен екі жарым мың шақырымды артқа тастап, Қазанға келдік. Сондағы Дүниежүзілік Татарлар қауымдастығының шақыруымен, қала мэрі Илсур Метшиннің алқауымен. Жұмыс кестесі өте тығыз болды, соның ала-шоласында ТР Ұлттық архивіне кіріп шықтым. Бернияз қазасына қатысты істі іздестірдім. Жолға Астанадан шыққандықтан Алматыда, үйде қалған архивтік нөмірленуін ала келмеген едім, мұрағаттағылар содан да іздегенімді тауып бере алмады. Бернияздың жерленген жерін білмек болған әрекетім де нәтиже бермеді (татар кардаштар қазақ ақынын, жиендерін өлтіріп алғандарына намыстанатын сияқты болып көрінді маған). Сөйтіп, ол жолы Қазаннан өкінішпен аттандым. Кетіп бара жатып, Қазандай сартегеш шаһарға соңғы мәрте бұрылып қарағанымда, Мағжанның Берниязды жоқтап жазған өлеңінің екі жолы оралды еске:
Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да…
Бақұл бол, жан аға! Қолдан келген қораш дүнием осы болды…
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ