Қ. Мәдібек сарысулықтарға қорытынды есебін берді

Бүгін Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің 2019 жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттер туралы халық алдындағы қорытынды есеп беру жиын өтті. Есепті жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Календеров Нұржан Сәбитұлы және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек көпшілік алдына шығып, баяндама жасады. Баяндамада өткен жылдағы атқарылған істер толықтай айтылып, алдағы жоспарларға тоқталды.
–  Өткен 2019 жыл жақсы аяқталды. Ағайынның ынтымақ-бірлігі мен еселі еңбегі бірқатар жоспарларға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ағымдағы бағалармен 23,0 млрд.теңгенiң өнеркәсiп өнiмдерi шығарылды. Өнім өндіру көлемінің басым бөлігі тау-кен өңдеу саласында.
Жалпы негізгі капиталға 37,0 млрд.теңге инвестиция салынды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 40,0 пайызға артық.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,0 есеге артып, 9,0 млрд. теңгеге жетті.
Жыл өткен сайын Сарысу ауданы Жамбыл өңірімен бірге инвестиция салуға қолайлы аймаққа айналып келеді.
«Казфосфат», «Еврохим» және «Жаңатас ВЭС» компанияларының ауқымды жобаларымен қосакальцийлендірілген сода, цемент зауыты, «Казкэмиклс»компаниясының жобасы іске асырылмақшы.
Бұл жобаларға алдағы жылдары 120,0 млрд. теңгеге жуық инвестиция жұмсалып, 920 жаңа орындары ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге, облыс әкімінің жеке бастамасымен жүргізіліп жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына кірген Саудакент ауылына жалпы 5224 бас мал сатылып алынатын болады. Оның ішінде 2525-і қой-ешкі. Қазір шаруашылықтар мен жеке үйлерде 2160 бас түйе, 6630 бас жылқы, 20480 бас мүйізді ірі қара және 206100 бас қой-ешкі бар.
Әшір Бүркітбаев және Игілік ауылдарында сүт жинайтын 2 танкер алынды.Саудакентте жылжымалы танкер алуға тапсырыс берілді. Жаңатас қаласында жеке кәсіпкер қуаттылығы тәулігіне 2 тонна өнімөндіретін сүт цехын салды.
Шағын кәсіпкерлікті дамытуға биылдың өзінде 21 азаматқа 37,0 млн. теңге жастардың гранты берілді. Онда құс, бөдене жұмыртқасы, түйіршіктелген құрама жем, шағын жылыжай, құлпынай өсіретін жобаларға қолдау көрсетілді. Өткен жылы жалпы алаңы 17792 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 27,0 пайызға артық, – дей келе, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Аудан әкімінің есебіне сәйкес, ауданда 315 пәтер берілген. Оның 178 пәтерін көп балалы аналар алыпты.

– Пәтерді жалға беру көп. Үй сұрап келгендердің барлығы «жалдап тұрып жатырмыз» дейді. Айтуларынша жалдау құны айына 25,0 мыңнан 50,0 мың теңгеге дейін.
Ал, мемлекеттік кірістер басқармасында жалға берілген пәтер ретінде Жаңатас қаласы бойынша 9 пәтер ғана тіркеліп тұр. Коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегіне 1900-ден астам адам тізімге алынған. Кезек барған сайын ұлғайып келеді.Тұрғын үйлерді жаңғырту жалғасады.
Елді мекендерді көгеріштендіру жалғасады. Биыл 70,0 мың түп тал егілетін болады. Оның ішінде 60,0 мың түп әртүрлі талдар,10,0 мың түп жеміс ағаштары бар. Көп қабатты үйлердегі тазалық, есіктің алдын көгеріштердіру, тұрақты тұратындар және пәтерді жалға алғандармен жұмыс жүргізу үшін қоғамдық ақылы жұмыс арқылы 20 адам белгіленді.
26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Арыстанды, Қызылдихан ауылдарында жаңа су жүйесі қосылды. Өткен жылы басталған Игілік-Өндіріс топтастырылған ауыз су жүйесі биыл аяқталады. Жаңаталап, Ұйым ауылдарының су жүйелері құрылысына ұсыныс берілді.
Өткен жылы Шаян-Жаңатас бағытындағы «Жаңатас қаласына және «ЕвроХим-Қаратау»компаниясы химиялық кешеніне дейінгі жоғарғы қысымды газ құбырының құрылысы» жобасы басталған болатын.
Одан кейін ауданның 14 елді мекені 2020-2022 жылдары кезең-кезеңмен  газдандырылады. Талай жыл арманға айналған көгілді отын ауданға келді. Бүгінде 4 елді мекенде табиғи газ бар.
Облыс әкімінің тапсырмасымен «Жамбыл жылу» кәсіпорны тиімді бағаға, яғни, 95,0 мың теңгеден әр үйге, барлығы 4 ауылдағы 270 үйге газ құбырын жалғап берді. Сонымен қатар ұялы телефон байланысының сапасы артады.
Тағы бір айта кетер жәйт Абай мектебінің жанынан 25 балаға арналған интернат ашылды. Басқа да білім ошақтарында жақсы жаңалықтар орын алды.
Халықты әлеуметтік қорғау үнемі назардағы мәселе. 2019 жыл ішінде жұмыспен қамту уәкілетті органына 2472 адам жұмыс сұрап өтініш білдірді. Тұрақты жұмыс орындарына 1820 адам орналасты. Әлеуметтік қорғау шараларымен барлығы 2864 азамат қамтылды.
Жыл бойы барлығы 13942 азаматқа шамамен 1,4 млрд. теңгеге жуық түрлі әлеуметтік жәрдемақы төленді.
Субсидиялар, қайтарымсыз гранттар, мектеп жасындағы балалар үшін берілетін көмектер, жалпы көмектердің барлық түрін қосқанда 2,0 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражаты жұмсалды.
Бүгінгі таңда 474 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 41,0 млн. теңге төленіп берілді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында есепті кезеңде 91 маманға 17,0 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленді. 30 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 91,0 млн. теңге бюджеттік несие берілді.
Жаңаталап пен Маятас ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді.
Сарысуда 80 спорт нысаны бар. Былтырғы жыл ішінде 336 спорттық іс-шаралар өткізілді. Спорттық іс-шараларға тұрақты қатысып жүргендердің саны артып келеді. Халықаралық және елімізде өткізілген додаларда аудан спортшылары 450 медаль алды (105 алтын,109 күміс, 236 қола).
Ұйым орта мектебіне жаңадан спорт зал салынды. Жалпы жаңадан 10 спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 спорт алаңшасы қосылады.
Саудакентте спорт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Жаңаталап орта мектебіне спорт зал салынады.
Жаңатас қаласының кіре берісіне «Жастар» спорттық-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Кешенде көлемі 288,0 шаршы метр су бассейні болады.
Ішкі жаттығу залдарынан бөлек сыртында волейбол, баскетбол, кіші футбол алаңшалары жасалады.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен ұйымдастырылған «Елдік – елге байланысты» атты форумда көтерілген мәселелерді жүзеге асыру, ысырапшылдықтың алдын алу шаралары жалғасады, – деген аудан әкімінің баяндамасын көпшілік оң көзқараспен қабылдады.


Баяндама аяқталған соң, жиынға қатысушылармен сауал салу кезегі берілді. Сөз алған аудан тұрғындары дүкендерде кассалық аппараттың болмауы жөнінде, зейнетке шығу жас мөлшеріне қатысты басқа да әлеуметтік маңызы бар сұрақтар қойып, өңірде орын алып жатқан оң өзгерістер үшін облыс басшысы Асқар Мырзахметовке деген шексіз алғыстарын білдірді.
Келесі сөз облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровке берілді. Нұржан Сәбитұлы облыс көлемінде атқарылыған жұмыстарға азды кем тоқтала келе, аудан әкімінің есебіне оң бағасын берді.
Сарысу ауданында атқарылған жұмыстар аз емес. Оны көріп, біліп жүрміз. Алда талай жаңа жобалар мен ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Қашанда бірлікпен тірліктерімізді алға жылжыта берейік деп ізгі ниетін арнаған облыс әкімінің орынбасарына аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар беріліп, нақты жауаптарын алды.

Comments (0)
Add Comment