Қаламгерге құрмет көрсетті

Жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Пернебай Дүйсенбиннің есімі елімізге жақсы таныс.
Бүгін қарымды қаламгер, Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының Гран-при иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың сегіз дүркін жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин 80 жасқа толды.
Осыған орай, бүгін аудандық мәдениет үйінде «Жүрегі шуақты, ізгі мұратты қаламгер» атты салтанатты шара өтті.
Шараға еліміздің түкіп-түкпірінен жазушылар, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен қоғам қайраткерлері, журналистер, белгілі өнер адамдары, жазушының шәкірттері және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің және облыстық мәслихаттың құттықтау хатын табыстады. Бұдан кейін Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов сахна төріне көтеріліп, мерейтойын иесін құттықтады.
Жазушы Пернебай Дүйсенбиннің қолынан қаламы түспей, ел руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқандығына, қаламгердің шығармашылығына тоқталып, қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақ үшін берері мол екендігін айтты. Қазақы дәстүрмен жазушының иығына облыс әкімінің, аудан жұртшылығының атынан шапан жабылды. Сый-сыяпат табысталып, қаламгерге құрмет көрсетті.
Бұдан кейін жақында ғана өткен «П.Дүйсенбин оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және жетекшілері марапатталды. Оларға Алғыс хаттар мен арнайы тағайындалған жүлделерді аудан әкімі Сәкен Мамытов пен жазушы Пернебай Дүйсенбин табыс етті.
Салтанаты шараға арнайы келіп, қатысып отырған Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр актері, Алаштың абызы, жерлесіміз Асанәлі Әшімов сахна төріне көтеріліп, жазушы інісіне жүрекжарды лебізін білдірді.
Аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы мерейтойлық шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке де құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, «Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Сонымен қатар, мерейтойлық шарада ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантай, жазушы Сегізбаев Кәдірбек, жазушы Қали Сәрсенбай, ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы Болатбек Төлепберген, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Күләш Әбдікешова, Ильясов Қонысбай, ҚР Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалының атынан жазушылар Хамит Есаман, Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Атыраудан, Ақтаудан келген қонақтар және аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабековтер құттықтау сөз сөйлеп, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің сан қырлы шығармашылығына, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесіне, адами болмысына тоқталып, ел руханиятының дамуы жолында еңбек ете беруіне тілектестіктерін білдірді. Қаламгерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Шара барысында көркемөнерпаздар мерейтой иесінің құрметіне ән-жырдан шашу шашты.

Сарысу ауданы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment