ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ

Өмірде өзектілігін жоғалтпайтын екі ереже бар. Ол – тәртіп пен тазалық. Екеуі де сақтаған жерде ғана орнайды. Әсіресе, тазалыққа жауапкершілікпен қарау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның да көрінісі.
Бүгінде Тараз қаласының тазалығына да айрықша ден қойылуда. Әрине, облыс орталығының айнадай жарқырап тұрғаны тұрғындарға да қолайлы жағдай тудырады.
Осы мақсатта Тараз қаласы әкімінің Қаулысымен көктемгі санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланған болатын. Айлық аясында бүгін қала тұрғындары жаппай сенбілікке шықты. Осыған орай қала әкімі Бақытжан Орынбеков Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен ықшамаудандардағы тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Шаһар басшысы өз кезегінде қаланы көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, тұрғындар көп жүретін орындардың тазалығына көңіл бөлу керектігін баса айтты. Келесі кезекте қала әкімі Тұңғыш Президент саябағына аялдап, аталған демалыс орнын жаңғырту жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Жалпы осы күні қала аумағындағы тазалыққа 30-дан техника мен жұмысшылар жұмылдырылды. Сенбілікке мекемелер, кәсіпорын қызметкерлері мен белсенді жастар да атсалысты.

Тараз қаласының әкімдігі 

Comments (0)
Add Comment