Білім күніне орай Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
– Биылғы жаңа оқу жылын Тараз қаласы бойынша жекеменшік, кешкі мектептерді қоса алғанда 89 білім ордасында 85 мыңнан астам бала бастамақ. Оның ішінде 8 257 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан мемлекетіміз жас өрендердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Айталық, Білім күніне орай бүгін «Арай» алқабында – 600, «Казарма» алқабында 180 орындық оқу ордалары пайдалануға берілді. Бұған қоса, ағымдағы жылы шаһарымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» ықшамауданында 3200 орындық 2 мектеп, «Шөлдала» алқабында 600, «Бәйтерек» ықшамауданында 1200 орындық білім нысандарының құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, №15 мектеп-гимназиясы жанынан 300 орындық жапсарлас ғимарат бой көтеруде. Сондай-ақ жылдан жылға мектептеріміздің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Әрине, мұның бәрі мемлекетіміздің білім саласына айрықша назар аударуының арқасында жүзеге асырылуда, – деген шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.