Кеше ғана қоқиқаздар өлексесі табылған Маңғыстауда енді итбалықтар өлімтігі табылды. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті биыл 26 сәуірде әлеуметтік желілердегі ақпаратқа мониторинг жүргізу барысында, Каспий теңізінің жағалауында «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті маңында итбалықтардың 50-ге жуық өлімтігі табылғаны туралы ақпаратты анықтайды.
Оқиға орнына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жедел жіберіліп, жауапты мемлекеттік органдар арасында 2021-2022 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес су жануарларының жаппай қырылу және қауіп-қатерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылады. Сондай-ақ осы мақсатта облыстық құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына, прокуратура, ветеринария, жергілікті атқарушы органға, экология және төтенше жағдайлар департаментіне жедел хабарланады.
– 2022 жылы 26 сәуір сағат 23:00-ге дейін келіп түскен ақпаратқа сәйкес теңіз жағалауының әрбір жерінде жатқан 22 өлі итбалық табылды. Итбалықтардың өлу себептерін анықтау үшін оларды зертханалық тексеруге алу мүмкіндігі инспекция қызметкерлерімен қарастырылуда. Өйткені олардың денелері ыдырау күйінде. Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерге бақылау жасауда. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балық қорғау инспекторлары бірнеше итбалықты, теңіз суы мен топырақтан сынама алды, дейді бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті баспасөз қызметі өз хабарламасында.
Сынамалар Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылады. Ал аталған органдар қызметкерлері Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасы өкілдерімен бірге оқиға орнына шығуды жоспарлауда. Маңғыстауда орын алған аталған факті туралы БҒМ Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлеріне, сондай-ақ «Гидобиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлеріне хабардар етілген. «Жағалауды бақылау жұмыстары жалғасуда. Жаңартылған ақпарат қосымша жарияланатын болады», дейді экология департаменті. Яғни «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті аймағында итбалықтардың неден жаппай қырылғанын жұмыс тобы анықтайды.
Қоқиқаздар құмда шөлден өлді дейік, ал теңіздегі итбалықтар неден өлді?