«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тараз қаласындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалар мен білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жүргізді.
Комиссия мүшелері алдымен Жамбыл даңғылы бойындағы (Қонаев және Сейфуллин көшелерінің аралығы) жылу жүйесін жаңарту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда аталған аумақта 350 метрге жуық жер асты лотоктары мен құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Жоба 2025 жылдың 25 сәуірінде басталған. Мердігер компанияның мәліметінше, құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, нысан басында партиялық бақылау бекеті орнатылып, ол жұмыстар толық аяқталғанға дейін құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстайды.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері №54 орта мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 1 тамызында басталған. Мердігер – «Alatau Prime Construction» ЖШС. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша нысандағы барлық жұмыстар ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін толық аяқталуы тиіс.
Партиялық бақылау алдағы уақытта да жалғасып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуы тұрақты назарда болады.