Ине-жіп қаншалықты түйінделіп жүр?

Дүкеннен қалтам көтеретін бағаға сырт киім немесе көйлек-көншек сатып алғанда, түймелерін, тағы басқа ұсақ-түйек жерлерін инеге жіп сабақтап, өз қолыммен үстінен қайтара түйіндей бекітіп, тігіп тастайтын әдетім бар. Бұл әдетім соңғы отыз жылдан астам уақытта өзіммен бірге қалмай келеді. Өйткені, қанша жерден судай жап-жаңа киім болғанымен, қайбірінің жібі шұбатылып, тігісі сетінеп тұратынына жаным шыдамайды. «Осы тігін цехтары қашан сапаға жұмыс істейді?» деп іштей шамданамын ондайда…

Сапа демекші, бұрынғының адамының «баяғыда…» деп сөйлейтіні бар ғой. Мен де сөзімді «баяғыда» деп жалғастырайын.

Иә, баяғыда киген киімдеріміз өмірі тозбайтын. Аяқ киім ескірсе ескірер, алайда, сенен қалған топыли немесе етікті өзіңнен кейінгі бірнеше бауырың киіп шыққанша аяқтан түспейді. Пальто, жейде-көйлек болса, жуыла-жуыла шуып қалуы мүмкін. Бойыңыз өсіп, денеңіз толысса – қысқарып, сыймай қалар. Бар болғаны сол. Бірақ, әрине, бір нәрсе іліп кетіп, тесілмесе, өздігінен ешқашан жыртылмайды. Бір сөзбен айтқанда, «қырық жыл» пайдаға асатын, сапалы болатын. Шіркін, «сандал»-«сандалик» деген жаздық жеңіл аяқ киімнің жұмсақ әрі жұқа және өте ыңғайлы табанын айтсаңызшы! Қанша жұқа болса да, су-батпақты олай да кешіп, бұлай да кешіп ойнағандардың есінде шығар, табаны «өліп кетсе де» ашылмайды.

Өткен дәуірдің тоқсаныншы жылдарында, ауызекі тіліміз нарық деген сөзге жаңадан икемделіп жатқанда, экономиканың саясаты тұрмысымызға дендеп ене бастағаны көпшілікке мәлім. Ауылда мұғалім етінбіз. Мектептегі Жора деген бір әріптес ағамыз экономика жөніндегі тың тақырыптарды кеңінен қозғайтын жан еді, басқаларымызға қарағанда жаңа заманға жылдам бейімделгіш, көбірек білімді болды. «Біздің СССР өзінің атақты сапа белгісінің кесірінен дағдарысқа ұшырады», – деді ол бірде. «Неге?» – дейміз біз. «Экономиканың саясаты бойынша тауар өндірушілер заттарын өте сапалы жасамауы тиіс. Онда олар өздерінің тұтынушыларынан тез айырылып қалады. Саудалары жүрмейді. Сапалы нәрсе көпке дейін қолданыста болады да, тауар өндірушінің басқа заттарына көпке дейін қажеттілік тумайды. Сұраныс жоғалады. Жұмыс тоқырайды. Алыс-беріс тоқтайды. Сауда- саттық дұрыс жүрмейді. Экономика деген сол», – дейтін ол кісі бәрімізді таңғалдырып. КСРО- ның бұрынғы басшыларының «Экономика деген – үнемшілдік» («Экономика должно быть экономной») деген принципіне әбден арқа сүйеп өскен өзге ұжымдастар:

– Қаржы үнемделмесе, сапа болмаса, онда оның несі экономика? – деп шу ете қалады.

– Қытайда, мәселен, үш-төрт қабатты сауда үйлері кездеседі. «Выбор» бар, яғни, шекесінен шертіп жүріп таңдау жасауыңызға мүмкіндік берілген, – деп, сұрағымызға ден қойып, маңғаздана түсіндіретін әлгі Жора ағайымызға біз одан әрі ауызымыз ашыла, аңтарыламыз.

– Бірінші қабаты кедей-кепшік, жарлы- жақыбайларға арналған, тым арзан заттар орналасқан. Екінші қабатындағы заттардың бағасы біріншідегіден сәл жоғарылау болады. Үшінші қабаттағы тауарлар төмендегі екі қабаттағыға қарағанда қымбатырақ. Әмияныңыздың қалыңдығына қарай саудаласа бересіз. Ал, ең жоғарғы қабатына элита ғана көтеріле алады. Ең сапалы, ең құнды тауарлар да сонда сатылады, – деп жауап табатын Жора ағай. Бұдан әрі өз сөзіне тұздықты алыс жерден іздемейді:

– Алыпсатарлар бізге сондай жерлердегі арзан тауарларды көтерме бағамен әкеліп, үстіне қосып сатуда. Бірақ, оларының сапасы қаншалықты екенін көздерің көріп отыр…

Рас, сол жылдары «китайский» деп аталатын нәрселерден көз аша алмай қалғанбыз. Тіпті, бір-бір әдемі қағаз қораптан шығатын қытай жейделерінің мойыны жуан ерлерге арналған мөлшерлері кіндігі жаңа кесілген шарананың бойына да шақ келмейтін боп шығып, алыпсатарға алданған талай жұрттың жағасын ұстатқан.

Несін айтайық, алғашқы кезеңдегі нарық заманы аңғал адамды ширатты, ақылды адамды айлалы етті. Қазір де ара-тұра экономиканың сол «саясаты» өз механизмінен ажырамаған сықылды.

Еліміздегі сауда орындарын өнім өндіруі жағынан алдына жан с алмайтын Қыт ай заттарынсыз елестету мүмкін болмай тұр. Базарда әлі де қытай тауарларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Солардың ішінен қанша таңдап, ең дұрыстауын сатып алдым деп ойлағаныңызбен, оныңыз да бір жылдан артық киюге жарамайды. Көбінесе түріктікі деп сатқан сатушыға алданып жатамыз.

Дап-дайынды үстемемен сатып күн көретін саудагерлерді «жұмыртқадан жүн қырыққан» дей алмайсыз. Алайда, мұрнынан шаншылып, маңдай тер төгетіндердің қатарына да қосуға келмейді. Бұрын спикулянттарды алыпсатарлар деп аластайтын қоғам қазір бизнестің түрлі жолдарын дамытуға күш салатын капиталистік қатынас формациясына айналды. Қалаларда не көп, қымбат бағалы элиталық сауда үйлері көп. Олардың тұрақты өз тұтынушылары бар. Ондай әсем дүкендердің әйнегінен қарап, есігінен де сығалауға мұршасы келмейтін қараша жұрт амалсыз қан базарды жағалайды. Ең төменгі жалақының мөлшерімен күн көріп, жан бағып отырған қарапайым халықтың көбі қара базардың арзан тауарын тұтынуға мәжбүр. Алайда, «арзанның құны татымас» деген. Базардан сатып алатыныңның сапасы нашар. Бір-екі ай айналдырып, тозып қалатын тауарыңның жаңасын іздеп әлгі базарға тағы келіп тұрасың. Тұп-тура әне бір «Адалдық өтемі» деп аталатын балалар ертегісіндей.

Ненің арам, ненің адал екенін біліп өскен, жалшы ата-анасының да айтқанынан шықпайтын, тілалғыш, адал, көркем мінезді Абзал деген бала бір етікшіге көмекші боп жұмыс істеп жүреді. Етікші де оған ерінбей, етікшіліктің бар қыр- сырын үйретеді.

Бала бір күні етікшінің етік жамағанда үнемі жібін түймейтіндігін байқапты. Аң-таң болған Абзал етікші ұстазынан мұның мәнісін сұрайды. Сонда ол:

– Қарағым, етік жамағанда жіпті түймесең, ол етік көп ұзамай жыртылады. Сөйтіп, оның егесі оны жаматуға қайта әкелмей ме? Сөйтіп маған жұмыс, бала-шағама нан табылады, –депті.

– Бұл дұрыс емес қой, адам кәсібіне адал болуы керек емес пе? – деп таңданған баланың сөзіне етікші аса құлақ аспай, «Адалдық адамға нан болмайды ғой», – дей салады.

Үлкендердің алдында әдеп сақтау жақсы баланың қылығы екенін білетін бала ұстазымен одан әрі сөз таластырмайды.

Күндердің күнінде етікшілік кәсіпті ұстазынан кем білмейтін дәрежеге жеткен соң, бала өз бетінше етік тігуге кірісіпті. Бірақ, ол ұстазы секілді есеппен емес, адал ниетпен жұмыс істейді. Етік жамағанда жіпті түйіп, түйіндеп тігеді екен. Арада көп уақыт өтпей, жұрттың барлығы соған етік жамататын болыпты. Ал, оның ұстазына етік тіктіруге адамдар мүлде келмей қойыпты. Сонда ұстазы мұның мәнісін білмек болып, шәкіртінен сұрағанда ол: «Кімде-кім өз ісін адал атқарса, әлбетте Алла тағала оның еңбегіне береке береді», – деген екен.

Адамның еңбекте бағының жануына, шын мәнінде, адалдық қасиеттің ықпалы мол болмақ. Оған қоса, ол адам сол ісінің хас шебері болса, тіпті құба-құп емес пе?

Бүгін базарға барып, көптен бері ойлап, қызығып жүрген костюмді сатып алдым. Түймесі көп екен. Жеңінде де бес-бестен, өңірінде де алтау-жетеу боп тұрған жылтыр түймелер көздің жауын алады. Үстінен қалыңдап тікпейін десем, әрқайсысының астында оралған жібінің ұшы шолтаңдап тұр. Олардың бірде болмаса бірде сөгітіліп кетуі әжеп емес. Үйде болса бір сәрі, сыртта ел ішінде жүргенде үзіліп түсіп қалған түймең масқараңды шығармай ма?! Соған жеткізбеу үшін алдын алып, түйіндеп тігіп қою керек. Ал, тігейін десем, түйме өте көп. Біраз уақытымды алатын түрі бар. Оның үстіне көзәйнекке сүйеніп қалған жанарың құрымағыр түнгі бөлмеге жағылған электр жарығының сәулесіне шағылысып, жасаурап кетіп, мазаңды алатыны кежегемді кейін тартады. Бүгін тігейін бе, әлде ертең тігейін бе деп енді ойланып отырмын.

Осы тігіншілер ердей тігіп шыққан тігістерінің шеті мен түбін неге шешілмейтіндей, ағытылмайтындай етіп түйіндемейді екен?..

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments (0)
Add Comment