Жерлесіміз, ақын, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлы Мемлекеттік стипендияның иегері болған сәтте «Мен бұл қаржыны туған жерім Сарысу ауданындағы Игілік ауылынан саябақ ашуға жұмсауға ниет қылдым» — деген еді.
Кеше арқалы ақынның қатысуымен туған жері Сарысу ауданының Игілік ауылында игілікті бастаманың тұсауы кесілді.
Игілік ауылынан Маралтайдың саябағы ашылды.
Игілікті шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, ақын Маралтай Райымбекұлы, аудан қариялары, ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы сөз сөйлеп жиналғандарды мерекемен және мереке қарсаңындағы игілікті іспен құттықтаса, аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сөз алып, қонақтар мен ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ауылымыздың жасыл желекке бөленуіне ат салысып жатқан жерлесіміз, ақын Маралтай Райымбекұлына ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Серік Аппазов жылы лебізін білдірсе, ауыл қариясы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Жүсіпәлиев Қойшыбай қария аталық ақ батасын берді.
Өз кезегінде жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы сөз сөйлеп, осынау бастамаға қолдау білдірген аудан әкімі Сәкен Мамытовқа, осындай жақсы бастаманың басы-қасында болып, өзінің қолдауын көрсетіп келе жатқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекке, ауыл ақсақалдарына, барлық ат салысқан азаматтарға алғысын айтты.
Игілік ауылындағы саябаққа қонақтардың және ауыл тұрғындарының қатысуымен 1300-ге тарта ағаш көшеттері отырғызылды.
Саябақта елімізге белгілі тұлғалар, жерлестеріміз, Қазақстанның Еңбек Ерлері, актер Асанәлі Әшімов пен даңқты сазгер Ілия Жақанов және жерлесіміз, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің есімдеріне тиесілі ағаш көшеттері бар.
Қайың, арша, шетен, үйеңкі, емен, қарағаш, туя, шығыс биотасы сияқты тал көшеттері отырғызылған ақын Маралтай Райымбекұлының саябағының да аудан жұртшылығына саясын ұсынар күн алыс емес.