ҒАШЫҚТЫҚ НЕГЕ КӨЗСІЗ ӘРІ ЕСАЛАҢ БОЛАДЫ

Жаратушы иеміз адам баласын жаратпай тұрған бір замандарда адамдардың жақсылы-жаманды мінез-құлықтары мен сезімдері Жер бетінде не істерін білмей іштері пысып, босқа сенделіп жүрген екен. Бір күні олардың біреуі жасырынбақ ойнайық деген пікір шығарғанда барлығы да қуана келісіпті. Есалаң: «Жасырынғандарды іздеп табушысы мен болайын!» деп айтқанда онсыз да басқалары оны іздегісі келмейтіндіктен барлығы да рұқсат етіпті. Есалаң ағашпен өз көзін өзі басып тұрып жүзге дейін санап болғанша барлығы жасырынып үлгеруі тиіс еді. Есалаң санай бастасымен-ақ Ақкөңіл ағаштардың арасына, Өжет ең алыстағы жұлдызға, Махаббат теңіз айдынына, Адалдық егістік алаңына, Арамдық қара тастың артына жасырыныпты.
Есалаң 75-76 деп санағанша Ғашықтық жасырынып үлгермеген екен. 95-96 деп санай бастағанда Ғашықтық сасқалақтап раушан гүлдерінің арасына барып жасырыныпты. Есалаң санап біте сала алдымен Жалқауды тауып алыпты. Ол ағаштың түбіне ұйықтап қалған екен. Сосын Адалдықты егістік алаңынан, ағаштың арасынан Ақкөңілді деген сияқты барлығын тауып, тек Ғашықтықты ғана таба алмапты. Есалаң Ғашықтықты таба алмағанына қатты ашуланып барлық жерлерді тінтеді. Бірақ таба алмайды.
Ғашықтықтың табылмай қойғанын көре алмаған Қызғаныш Есалаңға оның раушан гүлдерінің арасында екендігін сыбырлап айтып қойыпты. Ашуланған Есалаң қолына ұзын үшкір ағаш алып жүгіріп барған күйі Ғашықтықты көре сала ағашын лақтырып қалады. Раушан гүлдерінің арасында бейқам тұрған Ғашықтықтың көзіне ағаштың ұшы тиіп оның көзі соқыр болып қалыпты. Өз ісіне қапаланған Есалаң: «Мен не істеп қойдым, енді қайттым?» деп сасқалақтай бастағанда Ғашықтық: «Болар іс болды, сен менің көзімді қайтарып бере алмайсың. Сондықтан өмір бойы менің жетекшім бол, жетектеп жүретін боласың» депті. СОЛ УАҚЫТТАН БЕРІ ҒАШЫҚ БОЛҒАН АДАМ СОҚЫР ТӘРІЗДЕС ӘРІ НЕ ІСТЕУГЕ ДЕ ТАЙЫНБАЙ ЕСАЛАҢ КҮЙГЕ ТҮСЕТІН БОЛЫПТЫ.
А.Т
Comments (0)
Add Comment