Азаматтарды қабылдап, қазақстандықтарды толғандырған сұрақтарға жекелей және онлайн-форматта жауап бердім.
Мәселен, Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының тұрғындары елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен екендігін айтып, шағымданды. Жергілікті азаматтардың айтуынша, ауыл халқының 30-40%-ы ғана қамтылып отыр. Өткен жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі дайындаған елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ.
Жауапты ведомстволық бағынысты ұйымдарға бұл мәселені бақылауға алуды және жергілікті атқарушы органдармен бірге пысықтауды тапсырдым.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындары Алмалы ауылдық округіндегі иесіз су қоймасына назар аударуды сұрайды. Бұрын мұнда байыту фабрикасы болған, сондықтан суда химиялық заттардың концентрациясы көп. Ауыл тұрғындары қалдықтар сыртқа төгілуі мүмкін деп алаңдаулы. Біз бұл мәселені мұқият зерттейміз және ол үшін министрлік қызметкерлері Түркістан облысына барады.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғындары елдімекенде су тапшылығы мәселесін шешу үшін және су тасқынынан қорғау мақсатында бөгет салу жөнінде ұсыныс айтты. Жергілікті атқарушы органдар Қаржы министрлігіне өтінім берді. Су шаруашылығы комитетіне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырдым. Бөгет салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама келесі жылдан кешіктірмей дайын болады деп күтілуде.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары жергілікті көлдерден суды заңсыз пайдалану фактілеріне шағымданды. Су шаруашылығы комитетінің өкілдері бұл мәселені зерттеу үшін Қараөткелге барады.
Сонымен қатар, кездесуде фермерлерді субсидиялау және Қызылорда облысының Манап ауылдық округіндегі бөгетті реконструкциялау мәселелері көтерілді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі